Украина мен Ресей әскерлері негізінен Донбасс аймағына қарай жиналып тұр. Әлі де соғысты тоқтату бойынша келісімнің төбесі көрінбейді. Қос тараптың іс-қимылдарына қарай отырып көптеген сарапшылар мен ақпарат құралдары Донбасс аймағында болғалы жатқан соғыс қиян-кескі болады деп болжауда.
Көптеген шетелдік эксперттер Донбаста болғалы жатқан соғыс екі ел ортасындағы жалпы қайшылықтың болашағын шешеді деп санайды. Бұл шайқас Ресей-Украина соғысының соңғы басқышы деп жатқандар да бар. Қазірге дейін осы аймақтан 100 мың шамасындағы бейбіт тұрғын біршама қауіпсіз деген батыс аймақтарға қарай босып кетті. Ресейге өткендер де бар.
Ресейдің ауыр қосыны Украинаның шығысына бет алғанын Батыс ақпарат құралдары жерсеріктерден тартылған суреттер арқылы да көрсетіп жатыр. Украина да өз кезегінде қолында бар және Батыс елдері берген қару-жарақтарын осы аймаққа топтастырып жатыр, олардың қатарында қазірге дейін көпке таныс болған танкіге қарсы шағын зымырандардан тартып әуе қорғаныс жүйелері де бар. Алайда, топтастырылған әскер мен әскери техниканың саны жағынан Ресей мен Украинаны тағы да салыстыруға келмейтіндей.
Дәл қазіргі кездің өзінде тараптар бір-бірінің әскери нысандары көздеп тынбай атысып жатыр. Бірақ, соның өзінде Донбасс үшін соғыс толыққанды басталмады. Аймақта қос тараптан да 30-40 мыңнан әскерлер бар, дегенмен Ресей өзінің осы аймақтағы күшін бұдан бірнеше есе көбейтуді мақсат етіп жатқанын Пентагон да айтқан. Қазірше, Ресей ауқымды аумақтағы әскери күштерін қайта жасақтап үлгірмей жатқанын болжай аламыз. Ресей жағы әуеден басымдыққа ие болуға күш салғанымен оның өзін толық жүзеге асыра алмағаны анық, соғыс даласында тілші аттандыра алған ақпарат құралдарының дерегінше Украинаның әуе қорғаныс жүйелері, радарлары жұмыс істеп тұр.
Ресей Украина шығысына салмақты күшін салғысы келіп жатсап, Украина бұған дейні де соғыс операцияларын орындап келген ең тәжірибелі қосындарымен өзінің қорғаныстағы және тактикалық ұйымдастырудағы артықшылығын пайдаланып көрмек. Қос тараптың осындай іс-қимылдары Донбасс аймағы үшін болатын күрестің бұрынғыдан әлде қайда қиян-кескі болатынын көрсеткендей.