9 тамызда Беларусьте президенттік сайлау өтіп, нәтижесінде Орталық сайлау комиссиясы ширек ғасыр билік еткен Александр Лукашенконың жеңісін жариялады. Оппозиция президент сайлауының ресми қорытындысын мойындаудан бас тартып, елде саяси дағдарыс ушыға түсті. Посткеңестік кезеңде болмаған ірі наразылық шерулер Беларусьте өтіп жатыр. Қазіргі президенттің лауазымынан оңайлықпен бас тартпайтынын білген оппозиция өкілдері 23 тамызға жалпыұлттық наразылық шеруін ұйымдастырмақ. Билік белсенділерді күшпен басуға талпынғанмен, кері шегінбеген Беларусь халқының демократия жолындағы күресі қалай өтті? Фотодерек ұсынамыз.
11 тамызда Тихановская елден Литваға кеткенін мәлімдеді. Ол алғаш жариялаған видеосында балаларының болашағы үшін осындай шешім қабылдағанын айтты. Кейін тағы бір видео жарияланып, онда Тихановская жұртты митингіге шықпауға шақырады.
Сайлау нәтижесі шыққан күн. Елді ширек ғасыр басқарған Александр Лукашенконың кезекті жеңісінен кейін азаматтық белсенділер сайлау қорытындысы бұрмаланғанын айтып, қарсылық білдірді. Лукашенконың отставкасын талап еткен наразылық шаралары елдің түрлі қалаларында бүгінге дейін жалғасып жатыр.
Лукашенконың жеңісінен кейін АҚШ пен Еуропалық одақ елдері Беларусьтегі президенттік сайлау нәтижесін «әділетсіз» деп бағалап, биліктің жаппай наразылықтарды күшпен басуын қатаң сынға алды. Тек де-факто тұрғысында авторитарлы, посткеңестік кезеңнен ортақ жүйе орныққан мемлекет басшылары Лукашенконы жеңісімен құттықтады. Бірінші боп Қытай төрағасы, кейіннен Ресей, Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан басшылары құттықтау лебізін білдірді.
Наразыларды күшпен басу кезінде жүздеген адам жарақаттанған, шамамен 7 мың адам ұсталған. Олардың бір бөлігі бұған дейін түрмеде өздерін аяусыз ұрып-соққанын айтқан. Минскідегі наразылық кезінде – бір адам, Гомельдегі ұстау кезінде бір адам қайтыс болды.
Беларусьте 9 тамызда президент сайлауы әділетсіз өтті деген мыңдаған азаматтың наразылық акциясы сол күні кешкісін басталған. Жексенбі 16 тамызға Минскіде және өзге қалаларда жалпыұлттық Азаттық шеруі жоспарланған.
16 тамызда бір Минсктің өзінде «За свободу!» («Азаттық үшін!») жалпыұлттық шеруіне 200 мыңнан астам адам қатысты. Ал дәл осыдан бірер сағат бұрын Лукашенконы қолдауға бағытталған митингте 7 мен 30 мың аралығында жақтасы (ІІМ 65 мың, Лукошенко 50 мың деп жариялаған) алаңнан табылды.
Беларустегі наразылық кезінде белсенділер Америкада өткен «Black lives matter» митингінің ұраны ретінде «Әр белорустың өмірі маңызды» лозунгтарымен шықты.
Сайлау болғалы Минскіде стихиялық митинг тоқтамай тұр. Алаңға шыққан астана халқы сайлаудың әділ өтпегенін, жүйеден шаршағанын айтады. Олар Светлана Тихоновскаяға билікті табыстауды талап етті.
Арнайы жасақ пен полиция наразыларды сойылмен соғып, көзден жас ағызатын газбен, құлақ тұндыратын гранатамен таратпақ болды.
Сайлау қарсаңында оппозиция саясаткерлерінің мыңдаған жақтастары ұсталып, ғаламтор қызметі әлсіреген. Халықаралық ұйымдар бақылаушы ретінде толық құраммен қатыстырылмай, «пандемияға байланысты» шетелдік БАҚ өкілдерін аккредитациялаудан өткізбеді.
16 тамызда наразылар Тәуелсіздік алаңын толтырды. Медиазона тілшісі «Келіп жатқан адамдарда есеп жоқ», — дейді. Наразылық шарасына қатысушылар «Біз 97%-быз», «Бізге ешкім төлеген жоқ», «Лукашенко — автозакқа», «Светлана Тихановская — біздің президентіміз», «Лукашенко, кет», «Жібер, босат» деген ұрандар айтып жатты. Министрліктер үйі орналасқан алаңда ұялы байланыс пен интернет қызметі нашарлады.
19 тамызда оппозицияның үйлестіру кеңесі Беларусь билігін тез арада келіссөз жүргізуге шақырды. Кеңес өкілдері билік келіссөзден бас тартса, елдегі саяси және экономикалық дағдарыстың онан сайын ушығуына жауап береді деді.
Беларусь оппозициясы 23 тамызда президент сайлауының ресми қорытындысымен келіспейтіндердің басын қосып, «Жаңа Беларусь маршын» өткізбек. Telegram-дағы Nexta.Live арнасында жарияланған хабарламаға сәйкес, акция Минск орталығы мен өзге қалаларда жексенбі күндіз өтпек. Бұған қоса, президент сайлауына қатысқан Светлана Тихановскаяның бастамасымен құрылған оппозицияның үйлестіру кеңесінің жетекшілері митинг кезінде маңызды мәлімдеме жасамақ.
Лукашенконың жеңісіне күмән келтірген Еуроодақ елдері ғана емес. АҚШ билігі де әлемді елең еткізген жағдайдан кейін Беларусьпен дипломатиялық байланыс әлсіреуі мүмкін деген уәж айтты. Алайда көптеген сарапшылар Америка мен Еуроодақ елдерінің Беларусьті сынға алып, санкция енгізуі «Еуропаның соңғы диктаторы» – Лукашенконың ойын өзгерте қоймайды деп санайды.
Әзірге, Беларусьтегі Гродно қаласының атқару комитеті ғана оппозиция кандидаты Светлана Тихановская штабы мен ереуілге шыққан зауыт жұмысшыларының талаптарын орындауға келісті.
Батыс сарапшылары Беларусьтегі ахуал одан бетер ушықса, Украинадағы майдан қайталануы мүмкін дейді. Ал Беларусь оппозиционерлері қазіргі жағдайды майданмен пара-пар деп бағалап, бұл жағдай басқа да посткеңестік-авторитар жүйемен өмір сүретін мемлекеттерге дабыл болуы тиіс деп санайды.