Өткен аптада Орта Шығыста маңызды әрі тарихи саяси өзгеріс болғаны белгілі. Ежелден қырғи-қабақ араб пен еврей мемлекеті арасында алғашқы ынтымақтастық орнады. Оған Америка Құрама Штаттары ара ағайындық еткен. Анығында, мыңдаған жылға созылған, сенім мен құндылықтардың айырмашылығына қарамастан, Біріккен Араб Әмірлігі мен Израильдің жақындасуына не түрткі болды?

Сонымен, АҚШ президенті Дональд Трамп БАӘ мен Израиль арасындағы тарихи келісіммен сүйіншіледі. Оның айтуынша бұл келісімдер Орта Шығыста бейбітшілік орнатудың алғышарты және оң қадамы екен. Дегенмен, БАӘ мен Израиль арасындағы келісім тұтас өңірдің тыныштығына кепіл бола қоюы да екі талай.

Парсы шығанағына шектесетін араб елдері арасында Израильмен дипломатиялық байланысты ресми түрде жолға қойған алғашқы ел БАӘ болып қалды. Бұған дейін Катар, Кувейт секілді елдер бейресми дипломатиялық жолдар арқылы еврей мемлекетімен байланыс жасап тұрған. Шын мәнінде, Иранның өңірдегі саяси және әскери ықпалдарының кеңеюі араб пен еврей елдерін жақындастырды.

Құрама Штаттар БАӘ-мен де, Израильмен де одақтас саналады. Уашингтонның өңірдегі өзінің кереғар ұстанымдағы одақтастарын татулыққа шақырып, араб-еврей ынтымақтастығын дамытуға ден қойып жатқанына және бұған араб елдері мен Израильдің де белсенділік танытқанына қарап та Иран қаупінің қаншалықты күшті екенін болжауға болады.

Кейбір тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, Иран алда Құрама Штаттар мен Израильге қарымта жауап қайтаруға дайындалуда. Бұдан бұрын Иранның маңызды ядролық нысандарында болған жарылыстардың себебі әлі анық емес. Алайда, Теһран билігі алғашқы адымда АҚШ пен Израильді айыптаған-ды. Араб пен еврей сынды бөлек-бөлек одақтастарын біріктіру арқылы Құрама Штаттар тарабы Ираннан төнетін қауіптің салмағын азайтуға тырысуда. Ал, былайша еврей мен арабтың араздығына да АҚШ-тың жауапкершілігі жоқ емес.

Орта Шығыста бұндай өзгерістердің болуы қазіргі АҚШ пен Қытай мәселесіне де қатысы бар. АҚШ-Қытай қайшылығы күннен күнге ушығып, қырғи-қабақ соғыстың жаңа ошағы Үнді-Тынық мұхиты аймағына қарай ауып барады. Бұл Орта Шығыстағы Құрама Штаттың бұрынғы белсенділігін азайтады. Осы орайда Орта Шығыстың белгілі деңгейде тұрақтылығы Құрама Штат үшін де керек болды.

“The Qazaq Times”