Беларусьтегі президент сайлауы «майданмен пара-пар» наразылық шерулеріне ұласты. «Кез келген хаостың артында кедейлік емес, әділетсіздік тұрады» – деген афоризм авторитарлы елдердегі ахуалдың дәл сипаты іспетті. Лукашенконың жеңісінен кейін АҚШ пен Еуропалық одақ елдері Беларусьтегі президенттік сайлау нәтижесін «әділетсіз» деп бағалап, биліктің жаппай наразылықтарды күшпен басуын қатаң сынға алды. Тек де-факто тұрғысында авторитарлы, посткеңестік кезеңнен ортақ жүйе орныққан мемлекет басшылары Лукашенконы жеңісімен құттықтады. Бірінші боп Қытай төрағасы, кейіннен Ресей, Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан басшылары құттықтау лебізін білдірді. Ал посткеңестік елдегі адам құқықтарының тапталуы, цензура және ұзақ мерзімге созылған диктатураға үрке қараған демократиялы елдер Беларуське қарсы санкция енгізбек.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, ширек ғасырдан астам уақыт билік етіп, алтыншы мәрте сайланған 65 жастағы Александр Лукашенконың кезекті «айқын жеңісін» демократиялы елдер мойындаудан түбегейлі бас тартты. Еуроодақ жоспарға алған санкция Александр Лукашенко мен оның шенеуніктеріне бағытталады. Бірақ «медальдің екінші жағын» да есепке алған одақ басшылығы Беларусьті Ресейге кіріптар етуден қауіптеніп отыр.
Лукашенконың жеңісіне күмән келтірген Еуроодақ елдері ғана емес. АҚШ билігі де әлемді елең еткізген жағдайдан кейін Беларусьпен дипломатиялық байланыс әлсіреуі мүмкін деген уәж айтты. Алайда көптеген сарапшылар Америка мен Еуроодақ елдерінің Беларусьті сынға алып, санкция енгізуі «Еуропаның соңғы диктаторы» – Лукашенконың ойын өзгерте қоймайды деп санайды.
23 жыл санкция шырмауында
Еуропалық одақ 1997 жылдан бері Беларуське санкция енгізіп келеді. Негізінде бұл санкциялар жеке тұлғаларға қатысты болды және Еуропалық одақ елдеріне жеке активтердің кіруіне қатаң тыйым салынды.
2016 жылдың басында ЕО Лукашенкоға және тағы 169 шенеунікке, судьялар мен қауіпсіздік күштеріне, сондай-ақ төрт компанияға қарсы санкцияларды жойды. Бұл қадам Александр Лукашенко Ресейдің Украинаға қатысты әрекеттерін ашық қолдаудан бас тартып, өзін жанжалды шешуде делдал ретінде ұсынғаннан кейін, сонымен қатар 2015 жылдың тамызында алты саяси тұтқындарды, оның ішінде 2010 жылғы сайлауда президенттікке бұрынғы кандидат Николай Статкевичті босатқаннан кейін жасалды.
Биыл алдын-ала науқан кезінде Светлана Тихановскаяны қолдаған Статкевич қайтадан қамауға алынып, оған қарсы қылмыстық іс қозғалды.
ЕО-ның Беларуське қатысты барлық санкцияларының ішінде өз күшін жоймаған қатаң қаулылар: қару-жарақ эмбаргосы; ішкі репрессияға бағытталған санкция; 1999-2000 жылдары Лукашенконың саяси қарсыластары сайлау комиссиясының бұрынғы басшысы Виктор Гончар, бұрынғы Ішкі істер министрі Юрий Захаренко және тележурналист Дмитрий Завадскийді қастандықпен «өлтірген» төрт адамға енгізілген санкциялар.
2020 жылдың ақпанында санкциялардың мерзімі тағы бір жылға ұзартылды.
Ахуал АҚШ-ЕО назарында
Беларусьтегі ахуал тақырыбындағы Сыртқы істер министрлерінің шұғыл бейне хабарламасы Польша бастамасымен ұйымдастырылды, оны Балтық елдері мен Финляндия қолдады. Одақтың Орталық органдары жиынның күн тәртібіне тек Беларусь қана емес, сонымен бірге Ливандағы жағдай мен Түркиямен қарым-қатынасты да талқылады.
Еуропалық Одақтың сыртқы саясат бөлімінің басшысы Жозеп Боррель: «Қазіргі жағдайда Беларусь билігінің іс-қимылдарын қадағалаймыз және ЕО-ның Беларусьпен қарым-қатынасын қайта қараймыз. Елде зорлық-зомбылық, негізсіз қамауға алу және сайлау нәтижелерін бұрмалау жалғаса беретін болса, Еуроодақтың Беларусьпен дипломатиялық байланысына сызат түседі», – дейді.
Ал Германияның Сыртқы істер министрі Хайко Маас Еуропалық Одақтың Беларусь басшылығына қарсы санкцияларды жою туралы төрт жыл бұрынғы шешімін қайта қарауды ұсынды. Санкциялар туралы шешімді саммиттерде ЕО елдерінің мемлекет және үкімет басшылары қабылдайды, ал сыртқы істер министрлері елдердің ұстанымдарын келісіп, саммит шешімінің жобасын ұсына алады.
Британияның Минскідегі бұрынғы елшісі, қазір халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Найджел Гулд-Дэвис ЕО шенеуніктерінің мәлімдемесін қатаң деп бағалады.
«Біз Беларусьте не болатынын әлі білмейміз, бірақ бұл ел үшін үлкен қадам: наразылық білдірушілерге қарсы репрессия ғана емес, сонымен бірге Светлана Тихановскаяның елден қысыммен шығарылғаны және оны осы мәлімдемелер жасауға мәжбүр еткені анық. Бірақ мені Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен мен Жозеп Боррел жасаған мәлімдемелердің қатаңдығы таң қалдырды. Себебі одақ мүшелері Беларусьпен байланысты қайта оппозицияның қазіргі қудалауына қатысы бар адамдарға жеке санкциялар енгізуі керек. Ал экономикалық санкциялар жалпы халыққа ауыр соққы болады», – дейді.
Беларустьегі сайлаудан кейінгі жағдайды Америка сырттай бақылап отыр. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Беларусь билігінің бейбіт жиынға қатысушыларға күш қолдануын құптамайтынын айтты. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі бейбіт демонстранттарға күш қолданбауға шақырған еді. Помпео ресми мәлімет бойынша Александр Лукашенко жеңген Беларусьтегі сайлаудың өту барысын айыптады.
АҚШ мұнайын Беларуське тасымалдау мәселесі, Уашингтон мен Минск арасындағы сайлаудан кейінгі қарым-қатынасқа тоқталған Помпео АҚШ Беларусьтегі сайлау әлдеқайда еркін әрі ашық өтеді деп үміттенгенін айтты.
Майданға жол ашқан сайлау
9 тамызда Беларусьте президенттік сайлау өтті. Ресми мәліметке сәйкес, президент сайлауының алдын ала қорытындысы бойынша, қазіргі басшы Александр Лукашенкоға сайлаушылардың 80%-ы дауыс берген, оның басты қарсыласы Светлана Тихановская 10% дауыс алған. Наразылар сайлау нәтижесі бұрмаланды деп есептейді.
Беларусьте сайлауға дейін мерзімінен бұрын дауыс беру өтті. Мұндай норма ел заңымен қарастырылған, бірақ құқық қорғаушылар мен халықаралық бақылаушылар бұл әдісті қатаң сынға алды. Олардың пікірінше, үкімет дауыс беру нәтижелерін қолдан жасау тәсілін пайдаланған.
Сайлау қарсаңында оппозиция саясаткерлерінің мыңдаған жақтастары ұсталып, ғаламтор қызметі әлсіреген. Халықаралық ұйымдар бақылаушы ретінде толық құраммен қатыстырылмай, «пандемияға байланысты» шетелдік БАҚ өкілдерін аккредитациялаудан өткізбеді. Алтыншы рет сайлауға қатысып, «басым дауысқа ие болған» Лукашенкоға қарсы наразылық шерулері жер-жерде әлі күнге дейін өтіп жатыр. Жексенбі күннен бері жалғасып жатқан наразылық кезінде биліктің айтуынша, 6 мың адам ұсталған, жүздеген адам жарақаттанған. Кемінде екі адам қаза болған.
Батыс сарапшылары Беларусьтегі ахуал одан бетер ушықса, Украинадағы майдан қайталануы мүмкін дейді. Ал Беларусь оппозиционерлері қазіргі жағдайды майданмен пара-пар деп бағалап, бұл жағдай басқа да посткеңестік-авторитар жүйемен өмір сүретін мемлекеттерге дабыл болуы тиіс деп санайды.