Сейсенбі күнгі, 4 тамызда өткен Үкімет отырысының күн тәртібінде қарастырылған екі мәселенің бірінде жаңа 2020-2021 оқу жылының басталуына дайындық туралы министр Асхат Аймағамбетов пен өңір әкімдері мәлімдеме жасады.
Білім министрі Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, эпидемиологиялық жағдайға байланысты 1 қыркүйектен бастап оқу жылы қашықтан жүргізіледі. Екі ерекшелік бар. Біріншіден, індет жағдайы оңалса, шалғайдағы елді мекендердегі шағын жинақталған мектептер оқуды дәстүрлі түрде бастайды. Екішіден, ата-аналардың өтініші бойынша бастауыш сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар ашылады. Бұл кезде 15 оқушы бір кабинетте бір мұғаліммен ғана оқушы. Үзіліс уақыттары әртүрлі болмақ.
– Сонымен біздің болжауымызша, 2,6 млн оқушы интернет-теледидар арқылы қашықтан, 530 мың бала кезекші сыныптарды, 157 мыңнан астам оқушы штаттық форматта оқиды.
Ата-аналардың қалауына қарай мектепке дейінгі білім беру (бір топта 15 адамға дейін) және қосымша білім беру (5 адамға дейін) бағыттарында да күндізгі оқу түрі жүреді. Ерекше балаларға білім беретін арнайы оқу орындарында онлайн-кеңес беру немесе алдын-ала жазылу арқылы жүреді. Оқу орнына барып оқитындардың барлығына санитарлық талаптарды қатаң сақтау міндеттеледі, – деді министр.
2020-2021 оқу жылында Қазақстанның 7 391 мектебінде 3,3 миллионнан астам оқушы, оның ішінде 1 сыныпта 396 мыңнан астам бала білім алады. Қазіргі жағдайда оқу жылының бірінші тоқсаны қашықтан өтеді. Оқытудың дәстүрлі форматы барлық санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып, тек шағын форматтағы мектептерде, сондай-ақ бастауыш мектептің «кезекші» сыныптарында сақталады. Сондай-ақ орта және жоғары оқу орындарына қатысты сөз болды.
– Педогогикалық, ІТ, әлеуметтік, гуманитарлық бағыттағы мамандықта оқитын колледж студенттері қашықтан оқиды. Ал техгологиялық, аграрлық, медицина және өнер бағыттары бойынша аралас оқыту ұсынылады. Сәйкесінше, зертханалық және өндірістк жұмыстарды штаттық режимде өткізуге рұқсат етіледі. ЖОО-да да осыған ұқсас форматта өтеді. Магистратура мен докторантурада да аралас оқу түрі жалғасады, – деп мәлімдеді Аймағамбетов.
«Жергілікті әкімдіктер министрлікпен бірлесіп мемлекеттік сатып алу шарасын жүргізіп жатыр. Тахника жағынан үлкен тапшылық барын ашық айту керек» деген министрдің сөзін үкімет басшысы Асқар Мамин қолдағандай болды.
«Үкімет аса мұқтаж отбасылардың балаларына пайдалану үшін шамамен 500 мың компьютер беруді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ әкімдіктер жергілікті деңгейде компьютер техникасымен қамтамасыз ету мәселесін пысықтасын», — деді премьер-министр.
Қысқа қайырғанда, жоспар бойынша 25 тамызға дейін оқулықтар толықтай беріліп, қашықтан оқуға пайдаланатын онлайн контент материалдар дайын болуы тиіс. Оқулықтың бәрінде міндетті түрде электронды нұсқасы және оның қолжетімді болуы қажет.
Онмыңдаған техниканы сатып алуды жүргізуге жауапты министрлік пен әкімдіктердің мемлекет қаражатын дұрыс жұмсап, соңы экономикалық қылмысқа айналмайтындай болса деген ел тілегі бар. Алдағы уақытта миллирдтаған қаражаттың жұмсалуын редакция бақылауға алатын болады.