Жоспарланған уақытынан үш күнге кешігіп өткен тамыз брифингінде Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі басы ашық біраз сұрақтарға мемлекеттік мүддеден гөрі «өзіндік тұрғыда» көбірек жауап берді.
Денсаулық сақтау министрлігі тамыз айы басталғалы бері ПТР сынамасы теріс, бірақ коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандардың статистикасын жариялады. 1 тамызда 5181 адам, 2 тамызда 789 адам пневмониямен ауырған. Айдың алғашқы және кейінгі күндеріндегі деректе 6 есеге дейін айырмашылық бар. Мұны мамандар мардымды аргументпен түсіндіре алмады. Коронавирустық пневмониядан осы айда 51 адам (1 тамыз – 30 адам, 2 тамыз – 21 адам – QT) қайтқан. 3 тамыз күнгі пневмония дерегі туралы ақпарат әлі жарияланған жоқ.
1 тамызда 1226 адамның коронавирус жұқтырғаны зертханада расталып, 36 адам қайтыс болған. 2 тамызда – 1069 адамнан, 3 тамызда – 1158 адамнан індет штамы табылды. Сондай-ақ өткен аптада 265 адам қайтқан. Дүйсенбі күнгі баспасөз жиынында министр 1058 қазақстандықтың коронавирустан қайтыс болғанын айтты. Бірақ 4 тамыз күні таңда өткен үкімет отырысында Алексей Цой арнайы графика түрінде 1091 адам екенін көрсетті. Әлі күнге дейін басты ресурс www.coronavirus2020.kz сайтында ескі дерек жазылып тұр. Мұндай техникалық не статистикалық қателік жиі болып жатады.
Қазақстанда зертханада расталған 92 мың адам (оның ішінде 8518 медицина қызметкері – QT) вирус жұқтырған, оның 1091-і инфекцияның тікелей себебінен, ал 319-ы жанама әсерінен қайтыс болған. Коронавирустық пневмония мен COVID-19 дертін қоса есептегенде, 100 мыңдай адам ауырған, сонымен бірге 1461 (1091+319+51 – QT) адам өмірден өткен.
Қаңтардан бергі пневмония дерегі қарала ма?
Министрлік басшысы Алексей Цой мен вице-министр Ажар Ғниятқызының мәлімдеуінше, 1 қаңтар-2 тамыз аралығында елде 256 541 адам пневмонияға шалдыққан. 35 мың кейс маусымда, 152 мың кейс шілде айында тіркелген. Бұл көрсеткіш былтырғы дәл осы уақытпен салыстырғанда 3,3 есеге көп. 2019 жылдың қаңтар-тамыз аралығында республика көлемінде 76 986 адам пневмониямен ауырған. Ол кезде 2333 адам, ал биыл 4042 адам өмірден озған. Осы жылы пневмонияның салдарынан өлім жағдайы 1,9 есеге артқан.
– Осыншама ауру тарихын ақтарып, пневмониядан вирусты ажырату техникалық-әдістеме жағынан қиын. Бұл жұмысты жүктемесі көп, жауапкершілігі ауыр майданда жүрген дәрігерлерге тапсырар болсақ, салмақ салғандық. Әйтпесе оларға таңдау жасауға тура келеді: не науқастарды емдеумен, не деректерді қайта сүзумен айналысуы керек. ...Меніңше, бізге алдағы көрсеткіштер әлдеқайда маңыздырақ. Күзде қайта соғуы ықтимал толқынға, пандемияның алдағы қарқынын болжауға аса қажетті, – деді министр дүйсенбі күнгі брифингте.
Министр Цой «Алда қажетті шешімдерді қабылдау үшін бізге бүгінгі нақты сандар ауадай керек. Дұрыс, мөлдір, шынайы жағдайды көрсету арқылы болашақ болжамдарға қажет болады. Бұл өте маңызды мәселе», – дей тұрғанымен, қаңтардан бері пневмониямен ауырған 256 мың қазақстандықтың қайсы коронавирустық түрде өткенін анықтауды «артық іс» деп санайды.
Орталық коммуникациялар қызметінде жоспарланған уақыттан екі күнге кешеуілдетіп өткен жиында БАҚ өкілдері жауап ала-алмай жүрген сауалға министр орынбасары кесімді пікір білдірді:
– 256 мыңнан астам пневмония ауруын қазір біз қайтадан қарай алмаймыз. Себебі барлық электронды жүйеге пневмония басқа кодпен енгізілген. Оны енгізетін дәрігерлер коронавируспен күресіп жатыр. Қазіргі мақсатымыз – диагнозды дұрыс қойып, өлім-жітімді мейілінші азайту, – деді вице-министр Ажар Ғиниятқызы бастығының пікірін қолдап.
Бас дәрігер Алексей Цой аймақтар бойынша пневмонияның дайын статистикасын осы апта ведомство сайтына жариялауға кезекті уәдесін берді. Халқы жағынан бізден үш есеге аз Қырғызстандағы пандемия құрбандарының саны 1,5 мыңға жуықтады. Осыны алға тартқан дәрігер мамандар, сарапшылар, қоғам белсенділері және тілшілер ведомствоның статистиканы бұрмалап отырғанын сынап, жағдайдың шынайы есебін жариялауды талап етіп келеді. Дегенмен эпидемия кезіндегі екінші министр-модератор Алексей Цойдың тұсында да құзырлы органдар індеттің кеңінен тарауын халықтың сақтық шарасын сақтамауымен, бетперде тақпай әрі әлеуметтік қашықтықты сақтамауымен байланысты түсіндіреді. Алдағы уақыттағы жауапкершілікті де елдің мойнына артып отырған министрліктің әрекетін «бас алып қашу» деп санайтын қазақстандықтар көп.