Әзірбайжан мен Армения шекарасында оқ атылды. Кеңес үкіметі де нүктесін қоя алмаған Кавказдағы екі мемлекеттің ірі қақтығысы қайта беталды. Тараптар соғыс жағдайында тұр. Саяси аспектісі басым мәселе Еуропа одағы-АҚШ-Ресей үштағанының жіті бақылауында. Егер Ресейдің дотация ретінде бөлген қаржы мөлшерінің минимумға жеткенін ескерсек, ресми Мəскеу Бакумен мәселені ушықтырмай шешуге мүдделі.
Қақтығыс хронологиясы
Қос көрші мемлекет қақтығыс салдарын бір-біріне сілтеді: Армения билігі «жағдай толық бақылауда» десе, Әзірбайжан президенті Илхам Әлиев «бұл мәселеге Армения жауапты» деп кесіп айтты. Кейіннен Никол Пашинян әріптесінің мәлімдемесіне қарата, Бакудың әрекетін «арандатушылық» деді.
Ресми ақпарат көздерінің мәліметінше, Әзірбайжан мен Армения шекарасында екі күн қатарынан болған атыста 11 әзірбайжан сарбазы мен бір бейбіт тұрғын қайтыс болған. Бес сарбаз жараланған. Мерт болғандар арасында Әзірбайжан армиясының генерал-майоры және полковнигі бар. Елдің сыртқы істер министрлігі Арменияның әскери техникасы талқандалды деп мәлімдеді. Бірақ екінші тарап мұны жоққа шығарып отыр.
Кейіннен Армения төрт сарбазының оққа ұшып, бірнеше адамның жарақат алғанын айтты. Осылайша екі жақта да қаза тапқандар саны 16 адамға жетті. Бұл – 2016 жылдың сәуірінен бері орын алған ірі шекаралық қақтығыс.
Сейсенбі күні таңертең Ереван бірқатар үкімет департаменттеріне, соның ішінде Армения премьер-министрі Никол Пашинянның веб-сайтына кибершабуыл жасалғанын хабарлады.
12 шілдеде Әзірбайжанның Товуз облысы мен Арменияның Тавуш облысы арасындағы шекарада қайтадан атыс басталды. Шетелдік басылымдар Армения әскері қақтығыс кезінде Әзірбайжанмен шекаралас аймақты тас-талқан еткенін жазды. Сол күні Товуз кентінде әрбір 15-20 минут сайын оқ атылған. Қазір Әзірбайжан халқы жер-жерде митинг ұйымдастырып, биліктің Арменияға қарымта соққы беруін талап етіп отыр.
Армения Қорғаныс министрлігі Әзірбайжан әскери күштері мемлекеттік шекараны екі рет бұзбақ болғанын хабарлады. «Әзірбайжан қарулы күштері сағат 12:30 шамасында Арменияның Тавуш аймағында белгісіз себептермен мемлекеттік шекараны бұзуға тырысты. Арменияға ескерту жасағаннан кейін әскери күштер өз позицияларына қайта оралды», – дейді Армения қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Шушан Степанян.
Армения СІМ өз кезегінде Бакуды азаматтық инфрақұрылымдар мен бейбіт тұрғындарды қасақана оқ жаудырды және «шиеленісу географиясын кеңейтті» деп айыптап отыр.
Әлем назарында
БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш Әзірбайжан-Армения шекарасындағы ахуалға алаңдаушылық білдірді.
ЕҚЫҰ Ереван мен Баку шиеленісін қадағалап отыр. Алдағы күндері ұйым мүшелері қақтығыс аймағын тексеруге бармақ. Сонымен қатар Еуропалық одақ, Ресей СІМ Сергей Лавров екі елдегі әріптестерімен телефон арқылы сөйлесіп, қақтығыстарды тоқтатуға шақырды.
АҚШ Мемлекеттік департаменті бұл жағдайды қатты айыптады. «Біз тараптарды күш қолдануды дереу тоқтатуға, жағдайдың одан әрі нашарлауына жол бермеу үшін ымыраға келуге шақырамыз. Америка Құрама Штаттары ЕҚЫҰ-ның Минск тобының тең төрағасы ретінде тараптарға Таулы Қарабақ жанжалын шешуге көмектесуге дайын», – делінген Мемдепартамент мәлімдемесінде.
Қос елдің жоғары лауазымды тұлғалары соңғы рет маусымның соңында бейнеконференция арқылы ресми түрде байланысқа шықты. Сол кезде Әзірбайжан президенті Илхам Әлиев Армениямен қайта соғыс болуы мүмкін екенін айтқан. 7 шілдеде ол «егер ешқандай нәтиже болмаса, келіссөзден шығамыз» деген.
Әзірбайжан – Еуропа мен Ресейге қосымша газ беруші мемлекет. Ал Украина мен Орталық Азия елдері үшін Əзірбайжан – альтернативтік көлік-логистика жолы, Каспий жағалауындағы елдер үшін «алтын көпір» рөлінде. Сол себепті өзге мемлекеттер, әсіресе Ресей екі тарапты ымыраластыққа шақырып әлек.
Қарабақ қақтығысы: екі тарап теориясы
Әзірбайжан республикасы мен Армения арасындағы жер дауы 1988 жылы, яғни осы екі елдің 1991 жылы тәуелсіздік алғанына үш жыл қалғанда басталып, әлі күнге дейін жалғасып келеді. Бұл соғыстың салдарынан Әзірбайжанның 40 мыңға жуық азаматы қаза тауып, 1 миллионнан астам адамы өз үйлерінен босып кетті.
Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына қарасты Минск тобының көмегімен 1994 жылы мамырда Баку мен Ереван арасында атысты тоқтату бітіміне қол қойылған соң тараптардың қақтығыстары біршама азайды. Келісімге қол қойылғанына қарамастан, жауласушы екі елдің текетіресі аяқталмай, бейбіт келіссөздер нәтиже бермеді.
Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына қарасты Минск тобы 1992 жылы Таулы Қарабақ қайшылығын тоқтату мақсатында құрылды. АҚШ, Ресей мен Франция осы топты басқаруды өз мойындарына алды. Минск тобының басшылары осы күнге дейін қарсыласушы тараптарға бірнеше бейбіт шешім жобасын ұсынған. Бұл бейбіт жобалар әр кезде бір немесе екі тараптың да қарсылығына ұшырап отырды. Мұнымен бір мезгілде атысты тоқтату бітімі де орындалуын кепілдендіретін құжаттардың болмауына байланысты өткен жылдарда әрдайым бұзылып отырды.
Осындай үдеріс 2016 жылы сәуірде тараптар арасындағы шашыраңқы қақтығыстар тағы да нағыз соғысқа әкеліп соқтырғанға дейін жалғасты. Тараптар 48 сағаттың ішінде бір-біріне едәуір шығын әкелді.
Қақтығыстар тарихы мен өзара сенімнің жоқтығын ескерсек, тараптардың қоқан-лоққыларының тағы да соғысқа ұласатындығында күмән жоқ. Соғыстың басталуы оңтүстік Кавказда орналасқан жауласушы екі елдің де ұлттық мүдделеріне қайшы келеді. Сол себепті соғыстың алдын алуға міндеттелген Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына қарасты Минск тобы қазірден бастап қарсыласушы екі елдің ісіне араласып, Кавказдағы жер дауының тараптары арасында нағыз соғыстың басталуына тосқауыл қоюы керек.
P.S: Таулы Қарабақ (Nagorno-Karabakh) – Әзірбайжанның оңтүстік-батыс аймағы. Бұрын Иран құрамына кірген, 1813 жылы Ресей жаулап алды. Әзірбайжан ССР-нің автономды облысы мәртебесіне 1923 жылы ие болды. Таулы Қарабақ автономиялы облысы (ТҚАО) 1988 жылы ақпанда Әзірбайжан ССР-нің құрамынан шығуға талпынып, 1991 жылы қыркүйекте ТҚАО-ның орталығы Степанакертте Таулы Қарабах Республикасы жарияланды. ТҚР Әзірбайжан жерінде жария етілгендіктен оны Баку ресми мойындаған жоқ, Ереван қолдады. Бұл жағдайдан кейін Әзірбайжан мен Армения арасы бүлініп, Таулы Қарабах мәселесі әлем назарына ілікті.