Қытай билігі Оңтүстік Қытай теңізіне өз иелігі ретінде қарамауы керек. Бұл пікірді АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Twitter-дегі парақшасында жазды. Өткен аптада осы мәселе бойынша Жапония үкіметі Қытайға наразылық нотасын жолдаған болатын.
«Біз Қытайдың Оңтүстік Қытай теңізін жеке меншік теңіз империясы ретінде қарастыруына жол бермеуіміз керек. АҚШ үкіметі осы мәселе бойынша мәлімдеме жасайды», – деді Мемлекеттік департамент басшысы.
АSEAN елдері басшылары (Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығы) Оңтүстік Қытай теңізіндегі дау-дамай халықаралық заңдарға, оның ішінде Конвенцияға сәйкес шешілуі керек деп санайды. Бұл АSЕАN елдері басшыларының телекөпір арқылы өткен 36-шы саммитінің қорытындысы бойынша қабылданған мәлімдемесі.
Бұған дейән Помпео Бейжіңнің Оңтүстік Қытай теңізіндегі әрекетін бірнеше рет сынға алған. Мемлекеттік хатшының айтуынша, Қытай осы теңізде «заңсыз әрекетке барып, халықаралық ереже талаптарын бұзып отыр». Бұл мәселені Уашингтон БҰҰ басшылығына бірнеше мәрте ескерткен.
Маусымның басында Қытай СІМ өкілі Чжао Лицзян АҚШ билігі Бейжіңнің аумақтық дауларына араласуға құқығы жоқ деп мәлімдеген. Дипломаттың айтуынша, «Бейжіңнің Оңтүстік Қытай теңізіне иелік ету құқығы бар және ол тарихи түрде Қытайдың аумақтық бақылауына қарайды».
25 маусымда Жапония үкіметі Шығыс Қытай теңізіндегі Сенкаку (Диаоюдао) аралдарын «жекеменшіктеп алған» Қытай билігіне наразылық білдірген болатын. Токио мәлімдемесінде: «Сенкаку аралдары тарихи жағынан да, халықаралық құқық бойынша да бізге тиесілі. Қытай өз территориясы ретінде жекеменшіктеп ала алмайды. Осы ретте біз Қытай билігіне наразымыз», – делінген.
1895 жылы империялық Қытаймен соғыста жеңіске жеткен соң, Сенкаку аралдары мен Тайуань Жапония құрамына қосылды. Екінші дүниежүзілік соғыста жеңілгеннен кейін Токио Тайуаньға басшылық ету құқығынан бас тартты. Ресми Бейжің Сенкаку аралдарын да иеленгісі келеді. Алайда, Жапония үкіметі бұл аралдар соғыс нәтижесінде аннексияланбады дейді.