АҚШ-тың жаңа әкімшілігі бұрынғы президент Дональд Трамп жүргізген «оқшаулау саясатын» тоқтатып, шетелдегі демократияландыру әрекеттерін күшейтеді. Ресей мен Қытайдың адам құқықтарын таптауға бағытталған қадамдарына қарсы тұрады. Бұл – АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байденнің сыртқы саясат мәселелері жөніндегі алғашқы мәлімдемесі. Әлемдік БАҚ-тың назарын аударған Байденнің бұл сөз сөйлеуін АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео сынға алды.
Америка әкімшілігінің басшысы мемлекеттік Департаментте шамамен 19 минут ішінде Американың сыртқы саясатына тоқталып өтті. Байден сөзін: «Әлемге дабыл: Америка қайтып оралды! Дипломатия сыртқы саясатымызға оралды! Барлық әлем елдері бұл дабылды естісін», – деп бастады.
Ақ үй басшысының айтуынша, қазір Вашингтон «қаупі артқан авторитаризмге, оның ішінде Қытайдың Америкамен бәсекелесу амбицияларына, сондай-ақ Ресейдің демократияға нұқсан келтіруіне тап болды. Дипломатия дегеніміз – біздің негізгі одақтастарымыз бен серіктестерімізбен иық тіресе тұру. Біз бірнеше жыл ішінде жоғалған сенімділік пен моральдық беделімізді қалпына келтіргіміз келеді».
Байден Американың жаңа билігі халықаралық байланыстарды түбегейлі қалпына келтіріп, әлемдегі көшбасшылық позицияны қайтаратынын айтты.
Ресей-Америка қатынастары тақырыбына тоқталған Байден Мәскеу бірнеше ережелерге қайшы әрекет етіп, адам құқықтарын таптады деген мәлімдеме жасады. Сонымен қатар, ол оппозиционер Навальныйды ешқандай шартсыз, жақын арада босатуды талап етті.
Осы аптада АҚШ пен Ресей «Стратегиялық шабуыл қаруын одан әрі азайту және шектеу жөніндегі шаралар туралы келісімшарты» ұзарту туралы келісімге келді. Байден Ресей мен Қытай байланысына да ерекше тоқталып өтіп, сыртқы саясатта басты бәсекелес ретінде осы екі державаны атады.
Президент Қытайды Америка Құрама Штаттарының басты бәсекелесі деп санайтынын айтты. «Біз өзіміздің қауіпсіздігіміз, өркендеуіміз және демократиялық құндылықтарымыз үшін ең маңызды қарсылас – Қытай тарапынан үлкен қиындықтарға тап болып отырмыз. Біз Қытайдың экономика саласындағы ережелерді бұзуына қарсымыз. Бейжіңнің агрессивті әрекеттеріне, адам құқықтары мен зияткерлік меншікке жасалған шабуылдарына тосқауыл болуымыз керек», – деп ескертті Байден.
Байден халықаралық саясаттың бірқатар ірі мәселелерін, соның ішінде Иран және Корей түбегінің ядролық қарусыздануын, Палестина-Израиль қақтығысын, Сирия мен Ауғанстандағы жағдайды назардан тыс қалдырды.
Дегенмен, Байден әскери төңкеріс болған Мьянмадағы азаматтық қоғам өкілдерін босатуға шақырды.