Әлемдегі ең ірі экономикасы АҚШ коронавирус індеті кезіндегі жоғалтуларының орнын біртіндеп толтыра бастады. Кейбір америкалық БАҚ «дағдарыс басталмай жатып аяқталды» деп бөрігін аспанға атып жатыр. Алайда, экономистер олай қарамайды.

Эксперттердің сөзіне сенсек, індет кезіндегі экономикадағы жоғалтулардың орны толу үшін көп уақыт кетеді, сондықтан да қуануға әлі ерте. Қазір әлемде індет жұқтырғандар ең көп тіркелген ел де Құрама Штаттар. Бұл жағдай қарашада болатын президент сайлауына әсер етпей қалмайды. Ақ үй тарабы бұл келеңсіздіктен сәтке болса да мұрсат алу үшін экономикадағы жақсы жаңалықты баса көрсетіп жатыр.

Трамп экономикадағы жақсы жаңалықты сайлаушылармен ұзағынан бөлісті. «Сіздердің кірістеріңіз біраз азайыды. Бірақ, біз кейінгі тоқсанда бәрін қайта қайта толтырдық. Біздің фудаменталды экономикамыз бар. Алдағы үшінші тоқсанда бізді кереметтер күтіп тұр. Егерде 3 қарашада (сайлау күні) кездейсоқтық жасамасақ, онда келесі жылы біздің экономикамыз тарихтағы ең ғажайып жағдайды жасайды», – деді Трамп сайлаушылармен кездескенде.

Оның бұлай айтуына шынында себептер бар. Соңғы 11 аптада жұмыссыздар біртіндеп азайып, өндіріс жандана түсті. Бірақ, АҚШ Орталық банкінің басшысы Жером Пауэлл Трампқа ұқсас қуанған жоқ. Ол экономиканың қашан толық қалпына келетінін болжау мүмкін емес деп қарайды. Трамп америкалықтарды сүйіншілеген көрсеткіштердің өзінен Пауэлл бірқатар түйткілді тұстарды тауып шықтын. Ол 45 млн америкалықтың жәрдемақы сұрап отырғанын алға тартқан. Оның үстіне өндіріс мамыр айында жандана түскенімен бұрынғыдай 15 пайыз төмен деңгейде қалып отыр.

Трамп билікке келерде ел экономикасын 5-6 пайызға дейін өсіруді уәде еткен болатын. 2018 жылы экономикалық өсім 3 пайызға да жетпей қалды. 2019 жылы болса 2,3 пайыз ғана өсім көрсетті. Бірақ, Трамп билік құрған кездегі әлемдік жағдайды да ескерсе, сайлау нәтижесіне әсер етуі де мүмкін. АҚШ экономикасында қалпына келу процесі байқалғанымен қуатты стимулятор болмаса дағдарыстан оңай өтіп кету мүмкін емес дейтін экономистер де көп.

“The Qazaq Times”