Әлем елдері дағдарыс күйінде. Жаңа коронавирус пандемиясына байланысты көптеген елдерде экономикалық құлдырау орын алды және әлеуметтік дағдарыс алдында. Осы тұста Қытай өзінің ұлттық-стратегиялық мүдделері мен мақсаттарын жүзеге асыруға тырысып жатқаны байқалады. Оңтүстік Қытай теңізі, Гонконг, Қытай-Үндістан шекарасы сынды бірқатар мәселеде Бейжіңнің өз мүддесін алға жылжыту әрекеттерін жалғастыра түсті.
Есеріңізде болса, жыл басында әлем елдері Қытайдағы індет жағдайна баса назар аударды. Қытай күллі әлемнен оқшауланып қалғандай болды. Сол кездегі Қытай билігінің әрекеттерін қолдағандар да, айыптағандар да бар. Тіпті, әлеуметтік желілер де «бұл Қытайға келген зауал» деген сөздерді де көргенбіз. Көп өтпей індет әлемге тарқалғанда Қытай өзін «құтқарушы ел» ретінде көрсетуге де тырысты. Соңғы бірер айда АҚШ-Қытай арасында Covid-19 вирусына байланысты таласты даулар өршіді. Әлем елдері індет себебінен жаһандық дағдарыс қамытын кигелі тұрғанда, Бейжің үкіметі елдегі індетті толық тізгіндегенін мәлімдеді.
Ал, қазіргі жағдай тіптен басқаша бола түсті. SOAS Қытай институтының директоры, профессор Стив Чаң BBC-ге берген сұхбатында: «Жаһандық дағдарыс орнап жатыр, Қытай бұл орайдан пайдаланып өз мүдделерін алға жылжытып кетуді қалайды. Партия соны жасап жатыр», – деген. Оның айтқанындай, Бейжің Гонконгқа жаңа қауіпсіздік заңын енгізіп, Гонконгта наразылық шаралары қайта басталды.
Қытай билігі бұл ретте әлем өз ісімен әбігер болып жатқанда, Гонконгқа ешкім болыса алмайды деп те болжаған болуы мүмкін. Стив Чаңның сөзінде: «Гонконгты қолдайтын елдердің бәрінде індет жағдайы ауырлап, медициналық жабдықтардың жеткіспеуінен Қытайдың қолдауына сүйенуге мәжбұр болғаны рас. Халықаралық саясат тұрғысынан бұндай жағдай Қытай үкіметі үшін өте пайдалы болды, олар Гонконг туралы жаңа заңды қабылдады. Олар орайдан жақсы пайдаланып кете алды.
Дегенмен, халықаралық қауымдастық бұл мәселеге үнсіз қалған жоқ. Бірақ, Бейжің тарабы бір реткі орайда өзінің күшін басқа жерлерде де сынап жатты, айталық Оңтүстік Қытай теңізінде. Қытай билігі аталған теңіздегі «9-шы шекара сызығы» деп аталатын таласты аймаққа көптен бері көз тігіп, көршілерінің тынышын алып келген. Сәуір айында таласты аймақтарда Қытай әскери нысандарының құрылысын қауырт күшейтіп, өзінің бақылауындағы аймақ қатырында қаратып алды. Ал, теңіз үстінде Қытай кемелері Малайзияның мұнай тасыған танкерлеріне кедергі жасады. Бұл өз кезегінде Малайзия мен Вьетнамның мұнай-газ тармағына кері әсерін тигізе алды. Қытай билігі бұлармен шектелмей, Үндістан мен арадағы шешілмеген шекара сызықтарының бойында таласқа түсті.
Егер осы мәселелерді жеке-жеке алып қарасаңыз, олардың тек бүгін ғана пайда болған мәселелер емес екенін білесіз. Гонконг, Оңтүстік Қытай теңізі және Үндістан-Қытай шекарасы мәселелері бұрыннан бар, көп уақыттан бері Қытайдың ұлттық мүддесіне саятын мәселелер қатарында болған. Бұны Бейжің билігі әбден түсініп отыр. Неге бір уақытта осының бәрінен қайталай тартыстар туылады? Және неге әлем осындай дағдарысты күйде тұрғанда Қытай мүддесіне қатысты осы мәселелер қайта көтеріліп жатыр? Осыған қарап Қытай билігінің «дәл осы кезде қимылдау керек» деген шешімде болғанын болжау қиын емес.
Әлемдік қауымдастық қалай аман қалу мәселелеріне бас қатырып жатқанда, Қытайдың бұлай батыл әрекеттерге баруы ойландырмай қоймайды. «Үйреніп алған Қытай, әлсіреп тұрған Батыс» әлемнің қазіргі қал-ахуалын осылай бейнелеуге де болатындай. Індеттің дағдарысына бірінші батып, бірінші шыққан да Қытай болды. Ал, әлем дағдарыс зардаптарымен күресіп жатқанда Қытай өз мүдделерін қамтамасыз етуге білек сыбана кірісіп кеткендей. Әрин, Қытайдың басты қарсыласы ретінде АҚШ Қытайдың бұл қимылдарына жауапсыз қалған жоқ. Өткен аптаның соңында АҚШ теңіз күштерінің қуатты кеме қосындары Қытайға жақын теңіздерде жүргені мәлім болды. Қазір екі ел арасы қауіпті аңдысу кезінде тұр.