Иранға қарата 2015 жылы БҰҰ тарабынан бекітілген қару-жарақ эмбаргосының мерзімі биыл қазан айында аяқталмақ. АҚШ аталған эмбаргоны ұзарту туралы БҰҰ-ға ұсыныс жасап отыр. Ал Иран Ресей мен Қытайды АҚШ-тың бұл өтінішін болдырмауға шақырды.

АҚШ президенті Дональд Трамп БҰҰ-ға қаратқан мәлімдемесінде Иранға қойылған эмбарго күшін жойса Орта-Шығыста қарулы қақтығыстардың күшейіп кетуі мүмкін екен ескерткен. АҚШ президенті Иран қару-жарақ импортына мүмкіндік алса өңірдегі қақтығыстарды қолдай түседі деп қарайды.

Құрама Штаттың бұл мәлімдемесі Теһран билігін "шыр" еткізді. Сәрсенбі күні Иран президенті Хасан Рухани АҚШ-тың ұсынысы шектен шыққанын айтып, бұл іс бойынша Қауіпсіздік кеңеске жүгінетінін жеткізді. Ол Қауіпсіздік кеңесінің өзге төрт мүшесі, әсіресе Қытай мен Ресей АҚШ шешіміне келіспейді деп үміттенетінін айтты.

БҰҰ Қаіпсіздік кеңесінде қандай да бір шешімге Ресей мен Қытайдың вето қою құқығы бар. Бұл жолы да бұл құқықтарын пайдаланды. Иранға қарсы қару-жарақ эмбаргосын жалғастыру туралы АҚШ ұсынысына қарсы болды.

Бірақ, АҚШ тарабы айтқанынан қайтқан жоқ. Егер, ҚК қару-жарақ эмбаргосын ұзартпаса, Иранға қатысты БҰҰ-ның барлық санкцияларын, оның ішінде қару-жарақ эмбаргонын Иранның ядролық келісімінде қарастырылған тәртіпке сәйкес толық қалпына келтіреді деп қорқытты.

Алайда, Ресей мен Қытай қазірдің өзінде уашингтонның Иранға қарсы санкцияларын жан-жақты қалпына келтіруге қарсы шығып, Қауіпсіздік Кеңесінде Иранды қорғап отыр.

Ресейдің сыртқы істер министрі Лавров пен Қытайдың сыртқы істер министрі Уаң И (Ван И) БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне және БҰҰ Бас хатшысына хат жолдаған. Лавров 27 мамырдағы хатында Құрама Штаттардың Иранның ядролық келісімінен шыққанын және Қауіпсіздік Кеңесінің Иранға қатысты санкцияларын толығымен қалпына келтіруді талап етуге құқығы жоқ екенін айтты.

Сондай-ақ, Қытай сыртқы істер министрі хатында АҚШ бұдан былай Иранның ядролық келісіміне қатысушы емес, сондықтан Қауіпсіздік Кеңесінің Иранға қарсы санкцияларын тез арада қалпына келтіруді талап етуге құқығы жоқ деп мәлімдеді.

Иран мен Сауд Арабиясы Орта Шығыста ең үлкен бақталас күштер саналады. Егер, Иранға қарсы санкциялар алыныптасталса Сауд Арабиясы өңірдегі ықпал бәсекесінде Иранға қарсы тұра алмауы мүмкін. Ал, АҚШ болса одақтасы Сауд Арабиясын Иранға қарсы қалқан ретінде қорғауға мүдделі.

"The Qazaq Times"