Пандемия көптеген елдерге әсер еткенімен, Ливиядағы атыс-шабысты тоқтата алмады. Елде қазір екі билік өмір сүріп жатыр және сол екі биліктің де артында әлемдік, аймақтық державалар тұр. Сүрия жерінде қарама-қайшы күштерді қолдап жаға жыртысқан түрік пен орыс билігі енді Солтүстік Африкада кездесіп отыр. Түркия БҰҰ ресми үкімет ретінде мойындаған Ливия Ұлттық бірлігін қолдаса, Ресей қарулы күштерінің тарабында.
Ливияда 2011 жылдан бері тыныштық орнаған емес. Неге екені көпке аян, революцияшылдар Батыстың көзіне шыққан сүйелдей болған Каддафиді биліктен құлатты. Ұзақ жыл Ливияның "жарты құдайына" айналған Каддафи өз халқынан шыққан есерлердің қолында қаза тапты. Содан бастап Ливия шет мемлекеттердің шылауындағы түрлі топтардың қырқыс алаңына айналды. Бұл турасында бұдан артық сөз шығындаудың қажеті жоқ.
Ал, қазір Ливия Файез Сарраж басқарып тұрған Ливия Ұлттық бірлі мен ұлттық армия қолбасшысы Халиф Хафтар басқарған қарулы күштердің таласында тұр. Файез Сарраждың билігін БҰҰ ресми үкімет ретінде мойындайды, Түркия мен Катар қолдайды, Еуропа одағы да ресми билік ретінде таниды. Ал, Халиф Хафтардың қарулы күштерін Ресей қолдап тұрғаны айтылады, бірақ Ресей екі билікпен тең мәміле жасап тұрмыз деп жалтарады. Ресей ғана емес, былтыр қыс ішінде ел орталық қаласына шабуыл жасаған Хайтардың күштерін Біріккен Араб Әмірлігі, Мысыр, Иордания және ЕО мүшесі бола тұра Францияда қолдайды.
Сарраж Түркияның ұшқышсыз ұшу құрылғыларын пайдаланса, Хафтар күштерінің дрондары – «Made in China». Әрине, бұл да назар аударарлық түйін. Ливия Ұлттық бірлігіне Катар мен Түркия әскери қару-жараққа қоса экономикалық жәрдем беріп жатса, Хафтар күштері Араб монархиясының ақшасына ресейлік қаруларды пайдаланып отыр. Ең қызығы, оларға жеткізілген қаруларға Қазақстанда тіркелген компаниялардың да қатысы бар.
Міне осы тараптар Ливия тағдырын Ливияда емес, оның шекарасынан тыс жерлерде шешіп жатыр. Өткен аптада екі тараптың басшылары да Ливиядан шығып кетті, тараптар арасында оқ атыспау туралы келіссөздердің басталғаны жайында мәліметтер бар. Файез Сарраж Түркия астанасына сапарлай барған, ал орынбасарын Мәскеуге аттандырған. Ал, Хафтардың Мысырда жүргені туралы BBC мен Reuters хабарлаған.
Келіссөз басталудан бұрын Триполидегі халықаралық әуежай Сарраж күштерінің қолына өткен болатын. Бұл әуежай үшін таластың өзі 14 айға созылғанын айта кетейік.
Кімге не керек?
Ливиядағы жанжалға араласып жатқан тараптардың бәрінің де өз көздегені бар. Бірі байлықты, бірі билікті дегендей түрлі мақсатпен тұмсығын сұғып отыр. Қысқаша айтқанда былай:
Түркия үшін – Ливиядағы ықпалын арттырып, Жер Орта теңізінің ауқымды аймағын бақылауына алғысы келеді. Ливиядағы мұнайдан да дәмесі бар.
Ресей үшін – Мәскеу үшін майданның өзінен алыс болғаны жақсы, Солтүстік Африкадағы ықпалын бекемдеп алғысы келеді. Керек болса өзі қолдаған күштерді билікке әлкеліп, сол арқылы Ресей қаруларын Ливияға орнатуды көздейді. Егер Мәскеудің бұл дегені іске асса Еуропа мен НАТО үшін, тіпті, АҚШ үшін де жүректен қадалған қанжар болады. Ресейдің Жер Орта теңізі аймағына ықпалы асып кетсе, қазіргі теңгерім өзгеріп сала беруі де бек мүмкін. Мұнайдан да дәмесі бар.
Мысыр мен БАӘ – оларға Ливияда өздері үшін қауіпті «Мұсылман бауырластар» діни-саяси қозғалысының (көп елде тыйым салынған ұйым) күш алып кетуінен қорқады. Тағы бір есепте былыққа толы араб әлемінде ырықты бола түскісі келеді. Өздері бұлғаған істі енді біреуге бере қойғысы жоқ. Мұнайдан да дәмесі бар.
Франция – Ливиядағы Францияның ықпалы айтпаса да түсінікті. Ескі отарында болып жатқан дүниелерден бейтарап қала алмайды. Мұнайдан да дәмесі бар.
АҚШ – қазіргі Ливияда АҚШ-тың позициясы салмақты болмайтындай көрінеді. Бірақ, Уашингтонның түрлі тараптар арасында кімнің артына жасырынып тұрғанын білу қиын. Анық ойыншы сол болуы да мүмкін, анық кесімі жоқ, тек осындай болжамдар жасауға болады. Себебі, АҚШ-тың Африкадағы қарулы күштерінің өкілі генерал Хэдфилдтың BBC-ге берген сұхбатына қарасақ, Ресейдың барлық қимылын алдын ала болжап отырғанын көреміз. Бұндай тарап Ливия жерінде үнсіз қалуы мүмкін емес, бұрынғы жасаған былықтары үшін «ұялып» кері шегіну америкалық саясатта жоқ. Мұнайдан да дәмесі бар.
Бұл айтылғандардан өзге де үрлі мүдде, түрлі мақсатты көздеген тараптар Ливия ісіне араласып отыр.
Кеше Сүрия, бүгін Ливия
Ливиядағы сыртқы күштердің араласуы және ел ішіндегі қос биліктің әрекеті кешегі Сүрия жұртын еске салады. Онда да қарама-қайшы екі билік және солардың қолдаған түрлі күштер.
Соған қарамастан айырмашылықтары да көп.
Біріншіден, Ливия жанжал көп жыл билік құрған режиммен қарулы оппозиция арасындағы ұрыс емес. Қазір екіге бөлінген билік бұдан бұрын революцияны бірге жүзеге асырған еді.
Екіншіден, Ливиядағы мұнай қорларын бақылауға деген талас басымырақ.
Үшіншіден, Ливиядағы жанжалға діни қайшылықтың маңызы жоқ.
Каддафиден кейін
Елдегі революцияшылдар Каддафи кетісімен «бақытты өмір сүретіндеріне» сенген. Алайда, олай болған жоқ. Оларды бұл қиялға сендіргендердің кім екені белгілі. 2011 жылы олар өздерінің революциясының жеңіске жеткенін айтып мақтанып жатқан. НАТО коалициясы, Еуропа одағы және Араб лигасы Каддафи құлағаннан кейін өз миссиялары аяқталды деп есептеді. 2014 жылы елде азаматтық соғыс өршіді, Каддафимен бірге Ливияда үкіметтік аппарат та жоқ болды. Нәтижесінде, Ливия аймақтарға бөлінген жанжал-соғыстың, Еуропа босқындардың ортасында қалды. Біз бұнымен диктатор режимді қалпына келтіру керек демейміз, тек Батыс-Шығыстың ойыншылардың Ливияда не жасағанын өз тұрғымызда ашық сынауға, ой қорытуға тиіспіз.