Астанада көпбалалы аналар үнсіз наразылық акциясын өткізді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына келген 15 шақты әйел өз шағымын платкатқа жазып білдірді.
Соның ішінде бастапқы жарнасыз және жалдамалы баспана беру, әр балаға 21 мың теңге беру, мұқтаж халықтың кредитін кешіру сияқты нақты талаптар бар. Бұдан өзге, көпбалалы аналар вакцинаға қарсы екенін білдірді. «Аштық жариялаймыз!» деген плакат та бар. Көпбалалы аналар нақты шара қолға алынбаса, аштық жариялап, үнсіз пикетте отыра береміз дейді.
Қала әкімінің кеңесшісі Дәурен Бабамұратовтың айтуынша, жергілкті билік пикетке шыққан әрбір анамен жеке-жеке кездесуге дайын. Кеңесші пикетке шыққандарға баспананың берілмеу себебін түсіндіріп жатқанын айтты.
«Қазір елордада үй кезегінде 46 мыңнан астам адам тұр. Бірақ бір нәрсені түсіну керек, 2008-2010 жылдардан бері үй кезегінде тұрған азаматтар бар. Олар әлі үй алған жоқ. Ал бұл кісілердің көпшілігі 2019 жылы кезекке тұрған», – деді Бабамұратов.
Оның сөзіне қарағанда, пикетке шыққан аналар «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы кредиттік баспана алуға құқылы. Бірақ оның өзі кезек бойынша беріледі.
«Астанада «Бақытты отбасы» бойынша 2,6 мыңнан астам адам өтініш берген. Олардың 414-і жолдама алған. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі барлығына бірдей кредит бермейді. Яғни, оның ішінен тағы артылуы мүмкін. Сонда одан кейін кезекте тұрған азаматтарға үлестіріледі. Қала әкімшілігі «Бақытты отбасы» бойынша квотаны ұлғайту мәселесін көтеріп жатыр», – деген шенеуніктің сөзі көпті иландыра алмады.
Былтыр ақпан айынан бері Қазақстанның көпбалалы және мүгедек бала тәрбилеп отырған әйелдер биліктің жүргізіп отырған әлеуметтік саясатына көңілі толмайтынын, ең әуелі баспана және несие мәселесін шешіп беруін талап етіп, әртүрлі наразылық жиындарын өткізіп келеді. Десе де осыған ұқсас, кейінгі жылы белең алған қарсылық көңіл-күйдің күшейгеніне қарамастан, әлі күнге дейін елдің тұрмысы мен әл-ауқатын арттыратын жүйелі-іргелі механизм жасалып болған жоқ.