Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов және бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев рұқсат етілмеген митинг қарсаңында әдеттегідей ескерту мәніндегі үндеу жариялады.

Азаматтық қоғам өкілдері Демпартия мен елде қызметіне сот шешімімен тыйым салынған оппозициялық ҚДТ жетекшілері шеру жоспарлаған күн, яғни 6 маусымнан бастап халықаралық  ұйымдар, құқық қорғаушылар  қарсылық білдірілген «Бейбіт жиналыстар ұйымдастыру  және өткізу тәртібі туралы» заң күшіне енбек.

Прокуратура үндеуінде хабарлама жасау арқылы өткізуге болатын жиынға дейін он жұмыс күні бұрын жергілікті атқарушы органға өтінім беру қажеттігі айтылған. Заңға сәйкес әкімдік жеті жұмыс күн ішінде жауап беруге міндетті.

Бас прокурордың орынбасары Дембаев бейсенбі күнгі денсаулық сақтау министрі Біртановтің карантин кезінде көпшілік болып жиналуға, митинг өткізуге тыйым салынғаны жөніндегі үндеуін негіз ете сөйледі.

Қазақстандық және халықаралық тәуелсіз құқық қорғаушылар тарапынан көп сынға ұшыраған «сырты жаңа, іші ескі» заң талаптарын алға тартқан прокуратура «әкімшілік және қылмыстық жауаптылық көзделген» дейді.

«Жаңадан белгіленген тәртіпті бұза отырып өткізілетін жиналыстарды ұйымдастыру және оларға қатысу заңсыз болып табылады және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа әкеп соқтырады (тіпті 15 тәулікке қамауға алуға дейін)», – делінген орган үндеуінде.

Сонымен қоса денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 4 маусымда өткен онлайн брифингте жұртты вирустың екінші толқыны жүріп жатқанда, карантин кезінде митингіге шықпауға шақырған.

«Карантин кезінде жұрт көп жиналатын шараларға тыйым салынады. Бұл адамдар үшін қауіпті. Заңды сақтау керек. Пандемия кезінде, эпидемия кезінде бас санитарлық дәрігердің қаулысын сақтау керек. Митинг ұйымдастырушыларға айтарым, мұндай шараларды кейінге шегере тұрған дұрыс. Митинг вирустың жаппай тарауына әсер етеді. Біз бұған қарсымыз» деді бас дәрігер.

Кейінгі бірнеше жылдан бері ел билігінің қате қадамдарын жиі сынаушы, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов пен «Қазақстанның демократиялық партиясын» құрғысы келетін бастамашыл топтың жетекшісі, саясаткер Жанболат Мамай жұртты 6 маусымға билікке қарсы шеруге шақырған. Екі жақтың талабы да әртүрлі. Бірі жүйені жаңарту керек десе, екіншісі «жалпыхалықтық несие амнистиясын жариялауды, жерді сатпақ түгілі жалға беруге болмайтыны» туралы талап білдіруді жоспарлаған.

Болуы ықтимал митинг қарсаңында әдеттегідей белсенділер әртүрлі себеппен қамалады. Полиция «басқаша ойлайтын, потенциалы бар» белсенділерді үйінен не жолдан күштеп алып кететіні жасырын емес. Соның бірі Шымкент қаласында саяси көзқарасы үшін кемінде алты рет сотталған Нұржан Мұхамедовті өткен айда орталық алаңға шығып, карантинді тоқтату туралы талабы үшін 3 маусым күні күшпен ұстап әкеткен. Бірнеше сағаттың ішінде сот оны 6 күнге қамауға үкім шығарған. Мұндай мысалдар көп.

«Еститін әрі халық үніне құлақ түретін мемлекет» тұжырымдамасын ұсынған президент Тоқаевтың тұсында да митингілер мен пикеттер өткізу іс жүзінде қиындаған. Өз пікірін ашық айтқысы келген не айтқан азаматтар жиі істі болып жатады.

"The Qazaq Times"