Бейжіңнің қабылдағалы отырған жаңа ұлттық қауіпсіздік туралы заңы онсыз да қожырап тұрған Қытай-Қытай қатынасын ушықтырып жіберді. Бұл жаңа заң қабылданатын болса Гонконг сынды ерекше әкімшілік аймақтардың статусы өзгеруі мүмкін. Кеше, америкалық іскерлік мүдделік топтар (Америкалық сауда палатасы) Қытай үкіметін Гонконгтағы «бір ел, екі жүйе» принципін сақтауға, ал АҚШ-ты Гонконгпен сындарлы қарым-қатынасты дамытуға шақырды.

Қытайдың Жалпы ұлттық конгресінің (Халық құрылтайы деп те аталады) талқылауына ұсынылған Ұлттық қауіпсіздік туралы жаңа заң жобасы мүлде тәуелсіздігі жоқ құрылтай кеңесінде кедергісіз қабылданатыны сөзсіз. Сондықтан да, АҚШ бұл заң жобасының мақұлдануына қарсы санкция салу туралы жоспарлар жасауда. Тіпті, Гонконгтың автономия статусын да мойындамауды да қарастырып жатыр. Анықтай айтқанда, Қытай аталмыш жаңа заңды қабылдайтын болса, АҚШ Гонконгты жоғары автономиялы аймақ ретінде танудан бас тартады.

Бұл Гонконг үшін үлкен жоғалту болады. Себебі, 1992 жылдан бері келе жатқан АҚШ-Гонконг қарым-қатынасы бұзылып, Гонконг көптеген тарифтік жеңілдіктер мен артықшылықтардан айырылып, халықаралық қаржы орталығы ретіндегі орнын төмендетіп жібереді. Сондай-ақ, трансұлттық компаниялар Гонконгтан кетуі де мүмкін.

Қазір, пандемия әсерінен Гонконг экономиясы ауыр зардап шегуде. Егер АҚШ Гонконгты жоғары дәрежелі автономиялы аймақ қатарында танымаса бұл Гонконгтың экономикалық дағдарысын тіпті де тереңдетіп жебереді. Егер АҚШ-тың қатарына оның одақтас елдері қосылып, батыстық демократиялық елдер Гонконгпен қарым-қатынасын өзгертсе, бұл «Шығыс жұлдыз» саналатын Гонконгтың күнінің батқанымен тең. Әрине, бұл жағдай Гонконгта штаб-патерлері бар америкалық компаниялар үшін де ауыр шығын болады.

Bloomberg News хабарлағандай, Трамп әкімшілігі Қытайға қарсы бірқатар кішігірім санкциялар қарастыруда. Бұл санкция мазмұнынан хабары бар, бірақ салауатын көрсеткісі келмеген америкалық шенеуніктің мәліметіне қарағанда, АҚШ-тың қаржы қызметі ұлттық қауіпсіздік туралы жаңа заңды іске асырумен айналысатын қытайлық шенеуніктер мен кәсіпорындардың мәмілелерін бақылап, мүлкін мұздатуы мүмкін. Оның айтуынша, үкіметаралық агенттіктердің шенеуніктері әлі де санкциялар жоспарын талқылау үстінде, оны қалай жүзеге асыру туралы нақты дайын болмаған.

Қалыптасқан бұл жағдайлар, Трамп үкіметінің міндеттерін ауырлата түспек. Яғни, АҚШ Конгресі Гонконг мәселесі бойынша Трамп үкіметіне қысымды күшейтеді, Гонконгқа қолдау көрсетудің тиімді жолын таппайынша Конгресс қысымы жалғаса береді. Оның сыртында Трамп әкімшілігі Қытайға қарсы санкция сала отырып, АҚШ-Гонконг қатынасын бұзып алмауды қадағалауы да керек.

Гонконгта наразылық өршіді. Халықаралық ұйымдар Қытай үкіметінің Гонконг мәселесін барынша бейбіт жолдармен, «Бір ел, екі жүйе» принципін сақтай отырып шешуге шақырып жатыр.

“The Qazaq Times”