Ошағы Қытайдың Ухань провинциясынан басталған коронавирус пандемиясына шалдыққандар саны әлі күнге дейін артып отыр. Әлем бойынша 5,9 миллион адам дертке шалдығып, 347 907 науқас ажал құшқан. Пандемия қаупі сейіле бастаған Еуропа елдері турист қабылдауға дайындық бастаса, Латын Америкасы коронавирустың жаңа ошағына айналды. Ал Черногория Еуропада COVID-19 вирусынан емделіп жатқан науқасы жоқ алғашқы мемлекет атанды. 

Антирейтингке зер салсақ, Бразилияда коронавирус жұқтырғандар саны юойынша Ресейден озып, әлемде екінші орынға шықты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Төтенше жағдайлар бойынша басшысы Майк Райан Оңтүстік Американы «індеттің жаңа ошағы», ал Бразилияны «ең көп зардап шеккен ел» деп атады. Райан COVID-19 дертін жұқтырғандар мен одан көз жұмғандар саны елде ең көп Амазония аймағына назар аударды.

Коронавирус әлем елдері үшін экономикалық регресс туындатты. Мәселен, өнеркәсіп экспортына тәцелді Германия ірі қаржы дағдарысына ұшырады. Неміс үкіметі Екінші дүниежүзі соғысынан бергі ең күрделі экономикалық құлдырауды күтіп отыр. Биыл ішкі жалпы өнім 6,3%-ға дейін қысқарады деген болжам бар. Соңғы деректер бойынша, елде 11 мың адамнан вирус анықталған

Франция мен Ұлыбританияда шекету шаралары біртіндеп жеңілдетіле бастады. Ұлыбритания премьер-министрі: «Елде коронавирусты анықтайтын 3 млн 500 мыңнан астам тест өткізілді. Нәтижесінде 261 мың 184 адамға COVID-19 диагнозы қойылды.  Әзірге ашық аспан астында сауда орындары мен автосалондар  ашылады. Ал маусым айының ортасында көптеген дүкен жұмысын жандандырады. Алайда мұның бәрі аймақтағы жағдайға байланысты болмақ», – деді. Қазіргі уақытта Біріккен Корольдікте коронавирус жұқтырғандар саны 261 мыңнан асып, қаза болғандардың қатары 37 мыңға жуықтады.

Алғашқы кезде коронавирустың Еуропадағы ошағына айналған Италия Еуроодақ елдерінен келетін туристерді ресми түрде 3 маусымнан қабылдауға әзір. Мұнда мұражайлар жұмысын бастауда. Бейсенбіде – Колизей, одан кейін Флоренциядағы Уффици галереясы ашылмақ. 1 маусымнан бастап билеттерін брондаған тұрғындар Ватикан мұражайларын тамашалай алады.

Вирус шарықтау шегінен өткен Испания 8 маусымнан кейін футболдан ұлттық чемпионатты бастамақ. Бұған дейін Испания үкіметі жаңа коронавирустың таралуына жол бермеу үшін елге 15 мамырдан бастап келетін адамдардың барлығына екі аптаға карантинде болады деп хабарлаған. Испания премьер-министрі Педро Санчес: «Испания жыл сайын 80 миллионнан астам қонақты қабылдайды. Шілдеден бастап шетелдік туристер елге қауіпсіз жағдайда келе алатынын жариялаймын. Осы кезден бастап, шетелдік туристер елімізде демалысын жоспарлай алады», – деді.

Карантин кезінде төрт қабырғаға қамалған Жапония мен Оңтүстік Корея халқы да қалыпты өмірге ауыса бастады. Жапонияда бүгіннен бастап төтенше режим жағдайы күшін жойса, Кореяда балабақшалар мен бастауыш мектептер қайта ашылды. Қос мемлекет те коронавирустың екіші толқыны болатынын айтты.

Түркия вирусқа қарсы күресте айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп отыр. Бастапқыда 100 мыңнан астам кейс тіркелсе, қазір 33 мыңдай науқас ем қабылдап жатыр. Апта сайын елде төрт күндік комендаттық сағат ензіліп, карантин шаралары күшін жойған жоқ. Дегенмен маусымның ортасында Түркияда халықаралық әуе қатынастары қалпына келтірілуі мүмкін.

Қауіпті дертке шалдыққандар саны 140 мыңнан асқан Үндістанда ішкі әуе рейстері жанданды. Бортқа арнайы құрылғы арқылы тіркелген жолаушылар ғана кіргізіледі. Ұшақта тамақтануға тыйым салынған. Осындай сақтық шараларына қарамастан елдегі кей штаттар эпидемиологиялық ахуалды алға тартып, жолаушылар міндетті түрде карантинге жабылатынын мәлімдеді.

Вирус ең көп анықталған елдердің тізімі:

ауырғандар / жаңа жағдайлар

АҚШ: 1706226 / +19790

Бразилия: 376669 / +13051

Ресей: 353427 / +8946

Испания: 282480 / +0

Ұлыбритания: 261184 / +1625

Италия: 230158 / +300

Франция: 182942 / +358

Германия: 180789 / +461

Түркия: 157814 / +987

Үндістан: 144950 / +6414

 ТМД елдері бойынша эпидахуал мынадай:

Беларусь: 37144 / +946

Украина: 21245 / +259

Қазақстан: 8969 / +428

Молдова: 7147 / +54

Армения: 7113 / +452

Әзербайжан: 4271 / +149

Өзбекстан: 3189 / +25

Тәжікстан: 3100 / +171

Қырғызстан: 1433 / +30

Грузия: 731 / +1

 

"The Qazaq Times"