Соңғы бір тәулікте әлем бойынша аты жаман індет жұқтырғандар саны күрт артып, 106 мың жаңа жағдай тіркелген. Бұл Дүниежүзілік Денсауық сақтау ұйымын алаңдатып отыр. Дүние жүзі бойынша індет жұқтырғандар саны 5 миллионнан асты және қаза болғандар саны 330 мыңға жуықтады.
Бұған дейін індет ошағы Еуропа мен АҚШ болып тұрса, ендігі кезек Латын Америкасына келгендей. Бразилияда өткен бір тәулікте 1179 адам вирустан көз жұмды және жалпы қаза болғандар саны 18 мың адамға жетті. Елдегі инфекция жағдайының барған сайын ауырлап бара жатқанына қарамастан ел үкіметі карантин шараларын әлі де қабылдап отырған жоқ. Әсіресе, 12 млн халқы бар Сан-Паулуда қаласы ең көп зардап шегуде. Ел президенті карантин шарасына қарсы болғанымен аталған қалада бес күн жұмысқа шықпау шарасы енгізілді.
Мамандардың болжамында, жақын арада әлемде пандемияға байланысты жаңалықтардың жақсара қоюы екіталай. Себебі, көптеген елдерде індетті анықтау үшін тестілеу шаралары толық өтелген жоқ және кейбір үкіметтер нақты санды жасырып отыр. Ал, індет алып келген экономикалық шығындардың жайы өз алдына бір төбе. Жұмыссыздық пен көп саладағы экономикалық дағдарыстың шығыны болжаусыз көп.
Дүниежүзілік Банк президенті Дэвид Малпассты әлем экономикасының өте қиын жағдайға қалуы мүмкін екенін тағы бір мәрте ескертті. «Біздің есебімізше, әлемде ең кемінде 60 млн адам ауыр кедейшілікке тап болады, соның салдарынан соңғы үш жылда жасалған кедейшілікке қарсы барлық шаралардың нәтижесі нөлге тең болады», – деді ДБ президенті. Әдетте, Дүниежүзілік Банк «ауыр кедейшілік» деп күндік табысы 1,9 долларды құрайтын адамдарды көрсететінін айта кетейік.
Пандемияға байланысты Дүниежүзілік Банктен қарыз сұраған елдердің саны 100-ден асып кеткен. Бұл елдерде әлем халқының 70 пайызы өмір сүреді. Осының өзі алдағы бірнеше жылда әлем халқының қаншалықты қиыншылыққа тап келетінін көрсетіп тұр. ДБ тарабы жағдайы ең ауыр елдерге бағыттай отырып 160 млрд доллар көлемінде грант пен төмен пайыздық несиелер беріп жатыр. Бірақ, ДБ жетекшілер бұның тым мардымсыз қаражат екенін де айтты және халықтың қарызын кешірмей тыртысып отырған коммерциялық банктерді сынға алды.