Елорданың іргесінде орналасқан Ақмола облысы Целиноград ауданы Қаражар ауылы тұрғындары 11 мамырда блокпосты ашуды не өздерін қалаға кіргізуді талап етіп, астанаға кіреберіс жолды жапты. Қаладан не бары екі шақырым қашықта болса да ауылда не жарық, су не интернеті жоқ ауыл тұрғындары нәпәқасын ел астанасына қатынап тауып келген-ді. Кеше төтенше жағдай аяқталғанымен карантин ары қарай сөзылатынын айтқан ел билігі қалаларға кіріп-шығу тек арнайы рұхсат пен ғана болатынын ескерткен болатын.
Айма-ай төлейтін пәтер ақысы мен ішіп-жейтін тамағынан тарыққан жұрт қалаға кіргізуді шешіп бермесе наразылықтарын тоқтатпайтынын ескертті.
Қалаға кіргізуді талап еткен жұртқа Целиноград ауданы әкімі Бахидбек Оспанбеков келіп, Астана қаласы әкімдігімен сөйлескенін, тізім жасалса, рұқсат берілетінін айтты. Бірақ оған сенбейтінін айтқан ауыл адамдары тараудан бас тартып екі сағаттай кетпеді.
Наразы жұртты полицейлер мен арнайы жасақ бақылап тұрды. Қаражар ауылы әкімі келіп жұртты тыныштандыруға тырысып, тұрғындарды ауыл пунктіне жиналып тізімге тіркелуге шақырды. Күн астында тұрып шаршаған жұрт ақыры көніп, ауылдарына қарай кетті.
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде вирус жұқтырғандар 5207 адам болды. 2074 адам дерттен айықты. 32 адам қайтыс болды. Елде вирус тарауына байланысты 16 наурыздан – 11 мамырға дейін төтенше жағдай болды. Бұл – Қазақстан тарихындағы ұзаққа созылған алғашқы ТЖ режимі.