Президент Тоқаевтың карантин режиміне байланысты мәлімдемесі жарияланды. Ол карантин шектеуін біртіндеп босаңсыту және індеттің екінші толқыны, шарықтау шегі туралы хабарлады.
"Еліміздегі қазіргі ахуалға байланысты және Мемлекеттік комиссияның ұсыныстарын негізге алып, мен ТЖ мерзімін 11 мамырға дейін ұзарту туралы жарлық шығару жөнінде шешім қабылдадым. Бұл – біз бастан өткеріп жатқан күрделі кезеңнің талабы. Заңға сәйкес 11 мамырда Төтенше жағдай режимі аяқталады", – деді президент.
Індеттің екінші кезеңі басталуы ықтималдығынан сескенген президент "жағдайдың бақылаудан шығып кету қаупі барын" айтты. Тоқаев "Қазақстан індеттің шарықтау шегінен өткен жоқ", - деді, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық шектеулерді ақырындап алу қадамына қарап босаңсымауға шақырды. Осыған байланысты президент сөзін "Коронавирусқа жеңіл-желпі қарауға болмайды. Карантин талаптарынан бір сәтке бас тартсақ, дертті қайтадан өршітіп аламыз", – деп жалғаған.
Тоқаев өз үндеуінде елдің "кейбір аймақтарында, әсіресе, Алматыда вирус жұқтырған дәрігерлер және медицина қызметкерлері өте көп" болғанына өкінішін білдірген.
"Барлық қауіпсіздік шараларын мұқият ойластырып, авиациялық және санитарлық қызметтердің өзара іс-қимыл тәртібін әзірлеу маңызды. Карантин режимін біртіндеп жеңілдету дегеніміз өзіміз үйренген күнделікті тіршілікке қайта оралу емес екенін ұғынғанымыз жөн",- дейді президент.
Алайда Тоқаев ойын-сауық және сауда орталықтары, кинотеатрлар, ресторандар, саябақтар мен адам көп жиналатын басқа да орындар әзірге жабық болатынын хабаралды. Жоғары оқу орындары, колледждер, мектептер қашықтан оқытуды жалғастыра беретінін айтты.
"Мен үшін әр азаматтың өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Сонымен қатар Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия карантин талаптарын жеңілдетуге дайын. Алдымен, вирустың таралуын қатаң бақылауда ұстап отырған облыстар мен қалалардан бастауға болады. Мемлекеттік комиссияға елорданың үлгісімен еліміздің барлық аймағында өз жұмыстарына кірісетін мекемелердің тізімін жасау тапсырылды. Бірінші кезекте өнеркәсіп кәсіпорындары, құрылыс, жол құрылысы және көлік компаниялары, банктер және халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысқа кірісуі керек", – делінген президент мәлімдемесінде.
Жібісудің алғашқы көрінісі ретінде 1 мамырдан бастап үкімет астана мен Алматы рейстерін ашатын болады.
ТЖ кезінде жылдар бойы қордаланған медицина саласындағы көптеген мәселелердің беті ашылып, қызметтік-азаматтық құқығын талап еткен дәрігерлер қатары көбейді. Бұдан айналып өтпесін білгендіктен болар Ақордадан жарияланған үндеуде «дағдарыстан кейін де медицинаны дамытуға баса мән беретінін» атап өтіпті. Тіпті Тоқаев үкімет пен параламентке өткен кемшіліктерді ескере отырып "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" жаңа кодексті толықтырып, сессия соңына деййін қабылдауға тапсырма жүктеді.
Күні шикізаттық өндіріске қараған Қазақстанда мұнай арзандай бергенде теңге құнсызданғандықтан әрі ТЖ бизнес пен мемлекеттің барлық саласын тұралап қойғандықтан, індетпен қатар дағдарыс туып, бір айналғанда шыр айналдырғаны белгілі. Тоқаев дүниежүзін шарпыған дағдарыстан кейінгі кезеңге қамдану қажеттігі жайлы ойын білдірді. Мемлекет басшысы 57 күнге созылатын ТЖ мерзімі аяқталғанша үкімет пен Ұлттық банк бірлесе отырып "Экономикалық дамуды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар" әзірлеуі тиіс деп шешіпті. Кешенді жоспарда "дағдарыстан зардап шеккен салаларға қолдау көрсету тетігі қамтылады" деседі.
"Бүгінде еліміз дамудың жаңа деңгейіне қадам басып отыр. Шын мәнінде, біз енді мүлде жаңа жағдайда өмір сүретін боламыз. Сондықтан экономикаға және мемлекеттік басқару жүйесіне ауқымды әрі маңызды өзгерістер қажет", – деп сабақтаған президент "жаңа жағдайдың" қалай боларын ашып айтпады.
Президенттің сөзінше, үкімет келесі айда табысынан айырылған азаматтарға 42500 теңге көлеміндегі жәрдемақыны беруді жалғастыруы тиіс. Оған қайтадан өтінім жіберудің қажеті жоқ.
Өткен сенбі президент телевизиялық үндеу жолдайтыны хабарланып еді. Бірақ бұл жөніндегі мәлімдеме Ақорда порталында мәтін күйінде жарияланды.
Індеттің өршуіне байланысты Қазақстанда ТЖ режимі 16 наурызда енгізілген еді. Шектеу кезеңі 11 мамырға дейін созыларын ескерсек, әр қазақстандық бір мұғалімнің "еңбек демалысындай" уақытқа (заң жүзінде мұғалім жылына бір мәрте 56 күн еңбек демалысына шығады, құжат/қағаз жүзінде – авт.) оқшауланады екен. Бүгінгі таңда елде тіркелген кейстер саны 2780-ге жетті. 17 өңірдің 10-ында вирус жұқтырғандар қатары жүзден асып кетті. Ең көбі Алматы қаласында 850-дей, астанада 530-ға жуық адам дертке шалдыққан. Аурудан айыға алмаған 25 адам қайтыс болды.
P.S. "Заңға сәйкес 11 мамырда ТЖ режимі аяқталады" деген мәлімет дәл сол сайта "В соответствии с законом 11 мая режим ЧП будет завершен, если, конечно, не произойдет новая массовая вспышка эпидемии. Надеюсь, что этого не случится" деп толығырақ орысшаланған. Барлық сөйлем тең үлгіде берілгенде тек осы хабардың қазақ тіліндегі нұсқасы неліктен қысқарып қалғаны белгісіз.