Елдің 13 өңірінде 211 медицина қызметкері коронавирус инфекциясын қайдан қалай жұқтырып жүр?
Денсаулық сақтау министрлігіне қарайтын Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова елдегі әр бес науқастың біреуі медқызметкер екенін мәлімдеді.
Дәрігерлердің сырқаттануының негізгі себептері:
- жеке қорғаныш заттарымен, дезинфекциялау құралдарымен қамтамасыз етілмеген, медициналық мекеме басшылары тұрақты нұсқаулық жүргізбейді;
- нысандардың техникалық жай-күйі көбінесе қажетті талаптарға сәйкес келмейді – таза және лас аймақтарға нақты бөлінбеген;
- еңбек режимінің бұзылуы: стационарда тәулік бойы болу, мерзімнен тыс артық жұмыс істеу.
Комитет төрағасы:
– Медицина қызметкерлерінің арасында Covid-19 індетіне немқұрайлы қарайтындары бар. Мысалы, еліміздің бас санитарлық дәрігері Айжан Серікбайқызы бүгін Теміртау жұқпалы аурулар ауруханасында болып, ондағы қызметкерлердің коронавирустық инфекциясына ұқсас белгілері бар шағымданушыларды еш сақтық шараларын қолданбастан, бақылаусыз дәрігерге жіберіп отырғанын көрген, – деді Людмила Бюрабекова.
Тіпті тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің СЭҚ 21 маманы дертке шалдыққан. Вирусты жұқтырғандардың көбі астаналық СЭҚ қызметінен – 11 адам, Алматыдан – 7 адам. Сондай-ақ 74 медицина қызметкері COVID-19 вирусын бейінді стационарларда ем қабылдап жатқан науқастардан жұқтырған. Қазір олардың 20-сы каратин орталығында, 10-ы провизорлық стационарда, 44-і жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр.
Шұғыл штабтың мәліметі бойынша, жұқпалы дерт жұқтырғандар саны мыңға таяды. 110 адам сауығып шықса, қайтыс болғандар 12-ге жетті. Әлемдегі кейстер саны жағынан Қазақстан әзірге 72-орынға тұрақтады. Кеше, бір күннің өзінде 86 науқас анықталды. Ал бүгін 2 адам қайтыс болды. Науқастардың ең көбі астанада (257 кейс), екінші індет ошағы – Алматыда 172, Қызылорда облысында 119, Қарағанды облысында 76 және Ақмола облысында 71 науқас тіркелді. Сондай-ақ басқа өңірлерден:
- Атырау облысы – 59;
- Жамбыл облысы – 46;
- Түркістан облысы – 43;
- Шымкент қаласы – 38;
- Солтүстік Қазақстан облысы – 26;
- Алматы облысы – 21;
- Ақтөбе облысы – 11;
- Маңғыстау облысы – 10;
- Павлодар облысы – 10;
- Батыс Қазақстан облысы – 9;
- Шығыс Қазақстан облысы – 8;
- Қостанай облысы – 3 науқас анықталды.
Қазақстанда дерт жұғымдалған 972 науқастың 20,5%-ы медқызметкерлердің болуы қоғам алаңдаушылығын тудырып отыр. Әлеуметтік желі қолданушылары наурыздан бері БАҚ беттерінде "бәріне дайынбыз, қамдандық" деп жиі атқан денсаулық сақтау министрлігінің өкілдерінің сөзін сынға алып жатыр.