Бүкіл әлемге тарап жатқан індетке байланысты елімізде 30 жылдан бері алғаш рет тұтас ел көлеміндегі төтенше жағдай жарияланды. Сол-ақ екен әсіресе қала тұрғындары жаппай азық-түлік дүкендеріне ағылып, ішпек-жемектерін толықтауға кірісті. Тіпті кейбір азық-түлік дүкендерінің сөрелері қаңырап бос қалды. Үкімет адамдары жұртты сабырға шақырғанымен, абдыраған жұрттың екпіні басылған жоқ.
Дегенмен, бұндай жағдай тек біздің елде ғана болып жатқан жоқ. Жаңа коронавирус таралып, көптеген елде төтенше жағдай жарияланғаннан бері әлеуметтік желілерде азық-түлік түгендеп ұзыннан ұзақ кезекке тұрған жұрттардың суреті көптеп жариялануда. Тіпті, халықтың жаппай зат сатып алуы кейбір елдерде азық-түліктің жетіспеушілігін тудырды. Оның қатарында, Аустралия, АҚШ, Британия, Оңтүстік Африка және Ресей де бар. Аталған ел үкіметтері елде азық-түліктің жетіспей жатқанын мәлімдеуде.
Көптеген елде жетіспей жатқан заттар ортақ, айталық:
- Антибактериялық заттар және қол жууға арналған сабындар;
- Дәретхана қағаздары және қағаз сүлгілер (салфетка);
- Ұзақ уақытқа дейін сақтауға болатын сүт өнімдері;
- Макарон;
- Жеміс-жидектер мен көкөністер;
- Күріш;
- Дәрі-дәрмектер.
Үкіметтер халықты дүрбелеңге түспеуге қанша шақырғанымен оның өнімі аз болып жатыр. Аустралия премьері ресми мәлімдеме арқылы ел азаматтарын дүкендерге ағылуын тоқтатуға тырысты. «Тоқтатыңдар, бұл ақылсыздық. Ешқандай көмегі болмайды», – деді премьер-министрі Скотт Моррисон.
Тек Аустралия ғана емес, өзге мемлекеттердің билігі де бұл дүрбелеңге қарсы айрықша шаралар қолдануға көшті.
Психологтар бұндай жаппай алаңдаушылықты тоқтатудың қиын екенін айтуда. Әлемның барлық ақпарат құралдары арқылы тарап жатқан індет жайындағы ақпараттардан кейін көпшілік жұрт өз сабырын тауысып жатқанын алға тартады.