Әлем халқын дүрліктірген қатерлі дерттің өткен тәуліктегі ең өзекті деректері және Қазақстанның іс насырға шапқандағы «Б» жоспарын жүзеге асыру барысын назарыңызға ұсынамыз.

 

Дертті ошағы Қытайдан емес, Еуропадан жұқтырып қайтқан қазақстандықтар саны

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, елде кеше кешкісін, 18 наурыз сағат 08:00-де коронавирус табылған науқастар саны 35-ке жетті.

Оның 17-сі Алматыда, 18-і астанада тіркелді. Бір күнде вирус жұқтырған 23 адам анықталды. Бір қызығы, диагноз қойылған науқастардың көбі Еуропа аумағынан келген, ал 6 қаңтардан бері Қытай шекарасынан өткен мыңдаған азаматтың ешбірінен коронавирус жағдайы тіркелмеген.

Сейсенбі түстен кейін Асқар Маминнің жетекшілігімен өткен президент жанындағы төтенше жағдай режимін жүргізу жөніндегі мемлекеттік комиссия жиынында астана мен Алматыда коронавирус жағдайының ушығуына байланысты карантин жарияланды.

 

Алматы мен астана карантин режиміне көшеді

Бүгін 19 наурызға қараған түні COVID-19 індетінің етек алуы себепті аталған екі қалада қатаң қоғамдық тәртіп тетігі іске қосылады. Нақтылап айтқанда, қосымша шектеу, алдын алу және эпидемияға қарсы бірқатар шешімдер енгізіледі.

19 наурыз сағат 00:00-ден бастап:

  • карантинді енгізу және ауқымды санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асырылады;
  • карантин аймағын белгілеу және одан кіріп-шығу пунктері анықталады;
  • адамдардың жүріп тұруы, сондай-ақ көлік құралдарының кіруін/шығуы шектеледі;
  • үш санат бойынша арнайы емдеу мекемелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіледі: жұқтырғандар, инфекцияға күдіктілер, карантиндік;
  • халықты азық-түлікпен қамтуды ұйымдастырады және қала аумағының шекарасын анықтайды;
  • қоғамдық көлік қозғалысын күндізгі уақытта тоқтата тұрады немесе шектейді және түнгі уақытта тоқтайды;
  • азық-түліктен басқа тауарлар сататын сауда базары, ірі сауда орталығы жұмысы тоқтайды, тек дәріхана және азық-түлік дүкені ғана ашық болады;
  • санитарлық-эпидемия профилактикасын күшейте отырып, «тұтынушыға жеткізу» қағидаты бойынша қоғамдық тамақтану орнының жаңа жұмыс режимі белгіленеді;
  • ХҚКО-ның жұмыс режимі қайта ұйымдастырылады.

Алматы шаһарының негізгі қақпаларына 27 блок-бекет орнатылатынын хабарлаған әкім Бақытжан Сағынтаев «Қалаға қажетті тауарлар, тамақ, дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдар, қорғаныс құралдары мен қорғаныс гигиеналық заттары үшін «жасыл дәліз» құрылатын болады», – деді.

Оның сөзінше, блок-бекеттерде патрульдік полиция және «Гранит» полкі, ЖҚАЖ (СОБР – орысша),  қорғаныс министрлігі мен Ұлттық гвардия бөлімшелерінің күштері жұмылдырылу жоспарланған. Сондай-ақ қала көлемінде балабақшалардың да жұмысы уақытша тоқтайды.

 

Карантин күшіне енген кезде қаладан кімдер кіріп-шыға алады?

19 наурыз күні сағат 00.00-ден бастап енгізілетін Алматы қаласының аумағына адамдардың кіріп-шығуы шектеу келесі санаттағы тұлғалар үшін қолданылмайды:

  • бұған дейін қаладан шығып кеткен астана және Алматы қаласының тұрғындары қалаға оралған жағдайда;
  • бұған дейін қалаға кірген басқа өңірлердің тұрғындары қаладан шығатын болса;
  • бұған дейін шетелдерге шығып кеткен ҚР азаматтары (олар ҚР-ға оралған жағдайда);
  • бұған дейін елден шығу үшін ел аумағына кірген және елден шығып кету мақсатында әуе көлігімен шығатын шетелдіктерге;
  • шетелдіктер (азаматтығы жоқ тұлғалар), ҚР-да тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларға;
  • бұған дейін шетел мемлекетінің аумағына шығып кеткен ҚР азаматтары Қазақстан Республикасына оралған жағдайда;
  • емделу үшін шетелге шығатын ҚР азаматтарына, олардың денсаулық сақтау мекемелерінің растаушы құжаттары болған жағдайда;
  • елдің және шетел мемлекеттерінің дипломатиялық қызметінің персоналы және олардың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ Қазақстанға Сыртқы істер министрлігінің шақыруы бойынша бағыт алған шетел мемлекеттерінің және халықаралық ұйымдардың делегация мүшелеріне;
  • пойыз және локоматив бригадаларының мүшелеріне, сондай-ақ теміржол тасымалы процесіне қатысатын тұлғаларға, әуе, теңіз көліктерінің экипажына, халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыратын жүк автокөлігі құралдарының жүргізушілеріне;
  • Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасы мүшелері болып саналатын шетелдіктерге (туыстық байланыс фактісі – ері (зайыбы), олардың ата-аналары мен балалары екені расталған жағдайда);
  • астана және Алматы қаласында жұмыс істейтін, қала маңы аумағында тұратын тұрғындарға;
  • әуе және темір жол транзиті қатынасымен жүрген Қазақстан азаматтарына;
  • басқа да ерекше жағдайларда, мұндай жағдайлар COVID-19-бен күресу жөніндегі қалалық штабтарда дербес тәртіпте қаралады.

Апта басында мемлекет басшысы Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусының пандемияға ұласуын растағаннан республика шеңберінде 16 наурыз бен 15 сәуір аралығына төтенше жағдай жариялады.

 

Әлемдегі ахуал

Төтенше жағдай мен карантиндік режим тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елінде қолға алынып жатыр. Dadax комерциялық емес компаниясына қарасты Worldometer статистикалық ақпараттар базасының соңғы дерегі бойынша, әлем жұртшылығын елеңдетіп, экономикасын тұралатқан COVID-19 індетіне шалдыққандар саны – 200 мыңға таяп, қаза болғандар 8 мыңға жуықтаған. Өткен тәулікте Қытайда 21 жаңа науқас, 13 өлім жағдайы тіркелген, ал қазіргі таңда онда 3226 адамның хәлі ауыр көрінеді.

Сонымен қоса кеше ең көп коронавирус фактісі тіркелген Италияда 3526 науқас, 345 өлім жағдайы анықталған. Жаппай карантинге жабылған елдегі екі мыңдай науқастың жағдайы тым қиын деңгейде.

Үшінші ең көп науқас есепке алынған ел Германия. Мұнда да 2100-ге тарта адамға коронавирус диагнозы қойылған, 7-еуі көз жұмған.

Эпидемия басталғалы бері Қытайда 3300-дей, Италияда 2500 және Иранда мыңға тарта адам қатерлі індеттен қайтыс болды.

"The Qazaq Times"