COVID-19 жаңа коронавирусы тіркелген елдер саны 105-ке, кей дерктерде 119-ға жеткен. Әлем бойынша вирусты 118226 адам жұқтырып, 4238 адам ажал құшқан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аталған вирус пандемияға айналуы бек мүмкін деп дабыл қағып отыр. Жаһанға тараған қауіпті індеттің соңғы деректері мен бүгінгі хал-ахуалға зер салсақ.
Коронавируске қарсы сақтық шараларын күшейту үшін Еуропалық одақ 25 млрд еуро көлемінде инвестициялық қор құратыны мәлім болды. Осыған байланысты одаққа мүше елдер Италия мен Бельгияда індеттен зардап шеккен бизнес-компанияларға өтемақы төлеу жағын қарастырып жатыр. Сонымен қатар, ғылыми зерттеуге 100 миллион еуро бөлінетін болды.
Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен: «Коронавируспен күресу үшін инвестициялық қор құрмақпыз. Ол денсаулық сақтау саласы мен шағын және орта кәсіпорындарды, сондай-ақ еңбек нарығын қолдауға негізделеді. Жалпы бұл қорға 25 миллиард еуро құю көзделген. Бастапқыда оған 7,5 миллиард еуро бөлінеді», – дейді.
Еуропада коронавирусты жұқтырудың ең көп оқиғасы Италияда тіркелді: 10149 адам вирус жұқтырса, 631 адам қайтыс болған. Осы аптада Италияның солтүстігіндегі 15 аймақ толық карантинге жабылды. Сәуірге дейін барлық шаралар тоқтатылды. Елде қазір вируспен күресу үшін зейнетке шығып кеткен дәрігерлер қайта жұмысқа оралып жатыр. Осыған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Италия билігін вируспен күресуді күшейтуге шақырған. Елдегі ахуал күн өте нашарлап, Оңтүстік Еуропаның жүрегіне айналған мемлекет қаңырап бос қалған.
Франция мен Германияда ауруға шалдыққандар саны мыңнан асқан. Франция президнті Эммануэль Макрон: «Мемлекет үлкен эпидемия алдында тұр. Коронавирус өршіп келеді. Біз сақтық шараларын барынша қарастырдық. Халыққа жеткізіңіздер, мамандар шалдыққандардың 85%-ң ауруы жеңіл түрде өтеді дейді. Сондықтан азаматтар үрейге бой алдырмай, барынша сабыр сақтасын», – деді.
Аустрия билігі Италиядан келген азаматтарды елге кіргізбеу туралы шешім қабылдады. Аустрия канцлері Себастьян Курц: «Біз қазір Италияда жүрген Аустрия азаматтарын шұғыл түрде эвакуациялау мәселесімен айналысып жатырмыз. Олардың барлығы елге оралғаннан кейін 14 күн үйде карантинде болады», – дейді. Қазіргі уақытта елде 182 адам карантинде жатыр. Ал Грекия билігі індетті тежеу үшін барлық балабақшалар мен мектептерді және оқу орындарын жапты. Үкімет арнайы шаралар дайындап жатқанын мәлімдеді. Қазір бұл елде вирусты жұқтырғандардың саны 89-ға жеткен.
Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрі, депутат-консерватор Надин Доррис та коронавирус жұқтырған. Соңғы деректерде, Біріккен Корольдікте вирус жұқтырғандар саны 373 адамға жеткен: Англияда 324 адам, Шотландияда 27, Солтүстік Ирландияда 16 және Уэльсте 15 адам. Алты адам дерттен көз жұмған.
Испанияда соңғы бір аптада көрсеткіш 10 есеге өсіп, дертке шалдыққандар 1700-ге жуықтады. Аурудан 35 науқас қайтыс болған. Елде вирустың таралуына тосқауыл қою үшін қосымша шаралар енгізіліп жатыр. Мадрид аймағы мен Витория және Лабастида қаласында мектептер мен оқу орындары жабылды
Канадада 93 адам дәрігерлердің қатаң бақылауына алынып, бір адам дерттен өлім құшты. Ал жер-жерде сайлауалды дайындықты қызу жүргізіп жатқан АҚШ-та 961 адам коронавируске шалдыққан. Қайтыс болғандар саны – 29.
Вирус таралу қаупі жоғары деңгейдегі елдер тізімінде Иран, Оңтүстік Корея, Жапония тұр. Иранда 8042, Оңтүстік Кореяда 7755, Жапонияда 568 адамнан вирус анықталған. Шетелдік БАқ-та биыл тамызға жоспарланған Токиода өтетін жазғы Олимпиада бір-екі жылға кейінге шегерілуі мүмкін деген хабар тарады. «Wall Streat Journal» газетіне жапондық ұйымдастыру комитетінің мүшесі Харуюки Такахаши: «Олимпиаданы мүлде өткізбей тастау мүмкін емес деп ойлаймын, тек уақытын ауыстыруға болады», – деді. Оның айтуынша, Олимпиаданы ауыстыру алдағы жылға басқа спорттық іс-шаралардың уақыты белгіленіп қоюына байланысты қиындықтар тудыруы мүмкін. Сондықтан 2 жылға кейінге қалдыру жеңілірек болмақ.
Бүгін Түркияда коронавирустың жаңа түрін (COVID-19) жұқтырған алғашқы жағдай тіркелді. Вирус жұқтырған ер адам жақында ғана Еуропадан саяхаттан оралған. Оның денсаулық жағдайы қанағаттанарлық деңгейде деп бағаланған. Қазіргі уақытта пациент карантинде. Сонымен қатар, науқастың отбасы мүшелері, сондай-ақ онымен байланыста болған адамдар бақылауға алынды.
Ресейде – 20, Грузияда – 15, Әзірбайжанда – 6, Армения, Украина мен Моңғолияда бір адамнан вирус дерегі анықталған. Ал қауіпті індеттің негізгі ошағы саналатын Қытайда 80778 адам ауруға шалдықса, 3158 адам ажал құшқан.
Көршілес мемлекеттердің басым бөлігінен табылған вирус дерегі ресми мәліметтер бойынша Қазақстанда тіркелген жоқ. Бұған дейін «Жамбыл облысына вирус жұқтырған 150 адам бар», «Оңтүстік Кореядағы қазақстандық науқас ауруханадан қашып кетті» деген ақпараттың барлығын Денсаулық сақтау министрлігі жоққа шығарды.
Дегенмен таяуда Қазақстанда шамамен 4 мыңға жуық адамның бақылауға алынғаны мәлім болды. Ресми ведомство таратқан мәлімдемеде: «4650 адамға мониторинг жүргізілді, оның ішінде 1 «а» санаты бойынша – 1217, 1 «б» санаты бойынша – 189, 2 санат бойынша – 3244 адам медициналық бақылауда болды. Барлығы 676 адам бақылаудан алынды. 11 наурыздағы жағдай бойынша барлығы 3974 адам бақылауда тұр», – делінген. 10 наурызда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин алдағы 5-6 күн ішінде елде коронавирус диагнозы тіркелуі мүмкін екенін айтты.