Денсаулық сақтау министрлігі бүгінгі жағдай бойынша елде 4 мыңға жуық адам бақылауда тұрғанын хабарлады.
Министрліктің баяндауынша, ҚХР мен шекаралас мемлекеттерден келген азаматтарға мониторинг жалғасуда.
«4650 адамға мониторинг жүргізілді, оның ішінде 1 «а» санаты бойынша – 1217, 1 «б» санаты бойынша – 189, 2 санат бойынша – 3244 адам медициналық бақылауда болды.⠀Барлығы 676 адам бақылаудан алынды. 11 наурыздағы жағдай бойынша барлығы 3974 адам бақылауда тұр» делінген хабарламада. Сондай-ақ, 11 наурыздағы ахуал бойынша, барлығы 90 адам дене қызуымен және ЖРВИ-мен, оның ішінде 1 «б» санаты бойынша – 20 адам, 2-санат бойынша – 36 адам, 3-санат бойынша – 34 адам емдеуге жатқызылған. Емдеуге жатқызылған 90 адамның ішінен 52 адам шығарылды. 38 адам стационарда жатыр», – делінген ведомство хабарламасында.
Министрлік мәліметінше, ауруханаға жатызылған барлық пациенттің сынамасын қосымша бақылау үшін Алматы қаласының орталық референттік зертханасына жіберілген. Онда Ұлттық биотехнология орталығының филиалы және Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы 2020 жылдың қаңтарынан бастап ДДСҰ ұсынған хаттама негізінде COVID-19 ПЦР-диагностикасын бірлесіп жүргізіп жатқан көрінеді.
Ведомство елде «дәрілік заттар мен медициналық мақстаттағы бұйымдар, инфекциялық ауруханаларда оқшаулауға арналған бокстар бар» дегенімен, әр аймақта қарапайым медициналық бетперде бірнеше есеге қымбаттап кеткен.
Сонымен қоса денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус инфекциясының тіркелуі жөніндегі бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшиннің айтқан болжамын растап пікір білдірді. Кеше, 10 наурызда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин алдағы 5-6 күн ішінде елде коронавирус диагнозы тіркелуі мүмкін екенін айтқан еді.
Әлем көлемінде сәрсенбідегі жағдай бойынша, қатерлі дертке шалдыққандардың саны – 119 мыңға, ал көз жұмғандардың қатары – 4286-ға жеткені белгілі болды.