Президент Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамын жаңарту жөнінде жазба жариялады.
«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысына жұртшылықты кеңінен тарту мақсатында кеңес мүшелері алмастырылды. Ұлттық кеңеске белгілі қоғам қайраткерлері келді. Кеңестің бұрынғы мүшелеріне белсенді жұмыстары үшін ризашылығымды білдіремін», – деп жазды ол твиттер желісіндегі ресми парағында.
Ақорданың мәліметіне қарағанда, президент жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесі ротацияланып, жаңа мүшелері қабылданған. Олар:
- белгілі қоғам қайраткері, мәжіліс депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл;
- белгілі заңгер, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Башимов;
- қоғам қайраткері, «Мазмұндама" ҚБ төрағасы Шыңғыс Мұқан;
- Қазақстанның жаңартылатын энергетика қауымдастығының бас директоры Арман Қашқынбеков;
- «Талбесік» көпбалалы аналар қозғалысының жетекшісі, журналист Ләззат Қожахметова;
- заңгер, «Ізгілік елшісі» республикалық еріктілер қозғалысының жетекшісі Айнұр Сәбитова.
Ротация аясында адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, балалар омбудсмені Аружан Саин, бұрынғы бизнесмен-омбудсмен Болат Палымбетов, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Арман Шораев, саясаттанушы Бақытжан Бұқарбай, Қазақстан даму банкінің басқарушы директоры Асқар Әміртаев ұлттық кеңестің құрамынан шығарылды. Бұған дейін белгілі баспагер Бақытжан Бұқарбай өз еркімен кеңес құрамынан шығатынын мәлімдеген еді.
Қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ өкілдері мен белгілі қоғам қайраткерлері, жетекші сарапшылардан тұратын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі былтыр маусымда құрылып, күзде алғашқы отырысы өткен болатын. Десек те бұқара мен биліктің арасын жақындатып, диалог алаңын айналады деген платформаға сенбейтін, күмәнмен қарайтындар да бар. Олар мұны «Тоқаевтың ұпай жинауына бола құрылған дәрменсіз алқа» деп санайды.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы осы жылдың сәуірінде өтеді.