Қазақстан бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев әдеттегідей Дулат Ағаділдің жұмбақ өлімінен кейін түрлі оппозициялық ұйымдардың 1 наурызға шақырған митингілерін «заңсыз» деп атап, жұртты наразылыққа шықпауын ескертті.
Дембаевтың 28 ақпанда орган сайтында жарияланған мәлімдемесінде «әлеуметтік желілерде заңсыз акцияға шығу туралы үндеу және әлеуметтік, ұлттық араздықты қоздыру белгісі бар ақпараттар» тарап жатқаны айтылған. Ведомтсво өкілі «заңсыз көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру-қатысу Әкімшілік кодекстің 488-бабы, қайсібір тарапқа қандайда бір елеулі зиян келтірілген жағдайда Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша жауаптылық көзделгенін» еске салады.
Дембаев «әлеуметтік және ұлттық араздықты қоздыру, көрінеу жалған ақпарат таратуға жария түрде шақыру заңмен тыйым салынған және мұндай әрекеттер қылмыстық тәртіпте қудаланатынына назар аударамыз» деп ескерткен.
Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін Алғыс айту күні Қазақстандағы үкіметтік емес барлық саяси ұйымдар мен азаматтық қозғалыстар бейбіт шеруге шығатынын және қолдайтынын жариялаған. Oyan, Qazaqstan және Respublika, экстремистік ұйым ретінде танылған ҚДТ мен Демпартия, Алматы белсенділері, Халық құрылтайы, Көше партиясы... жексенбі күні сағат 12:00-де орталық алаңдар мен әкімдік алдына Дулат Ағаділдің өліміне айыптыларды жауапқа тарту, Назарбаевтар отбасының отставкаға жіберу, түпкілікті реформа, саяси тұтқындарды босатып, азаматтық көзқарасы үшін қуғындауды тоқтату, әлеуметтік ахуалды оңалту талаптары бойынша бейбіт шеруге шығатынын мәлімдеді.
Кеше «Халық үніне құлақ асатын мемлекет құруды» көздейтін президент Тоқаев Twitter-дегі ресми парағында ескерту сипатындағы бейбіт жиындарды қолдайтынын айтып «бейбіт жиындар арнайы белгіленген жерлерде өтуі тиіс, Конституцияға қайшы келетін ұрандарға жол берілмейді» деп жазды.