Ошағы Қытайдан басталған коронавирус қауіпті дерті әлемді жайлап барады. Осыған байланысты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасады.

Президент өзінің Twitter парақшасында: «Коронавирустың бүкіл әлемге таралуы аса қауіпті. Үкіметке азаматтардың денсаулығын қорғау мақсатында мемлекеттік мекемелер мен шаруашылық нысандардың қызметіне нұқсан келмейтіндей жан-жақты шаралар қабылдау тапсырылды», – деп жазды.

Аталған дертті жұқтырғандар саны әлем бойынша арта түскен. Францияда науқастар саны 38-ге жетсе, Италияда бір тәулікте ауру жұқтырғандар саны 323-тен 453-ке дейін көбейген. 12 адам көз жұмған. Ұлыбританияда сақтық шаралары мақсатында 6 мектеп карантинге жабылды. Оңтүстік Кореяда науқастар саны 1700-ден асады. 13 адам көз жұмған. Осы ретте Оңтүстік Корея мен АҚШ сарбаздарының ортақ оқу-жаттығулары кейінге шегерілді. Өйткені Оңтүстік Корея әскерінде вирусты жұқтырудың 21 дерегі тіркелген. Тағы 9500 сарбаз карантинде. Індетті жұқтырудың жаңа деректері Дания, Норвегия, Грекия, Румыния, Швеция, Эстония, Польша мен Грузияда анықталған. Жақында АҚШ-тың Калифорния штатында коронавирус жұқтырған алғашқы адам тіркелді. Дәл осы жердегі әскери базаға ондаған адам карантинге орналасқан.

Соңғы тың мәлімет бойынша, Беларусь Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустық инфекцияның алғашқы жағдайы анықталғаны туралы хабарлады. 22 ақпанда Бакуден ұшып келген Ирандық студенттен табылған. Науқас және онымен байланыста болған адамдар Минск жұқпалы ауруханасында жабық қораптарға жатқызылды. Сондай-ақ Литвада коронавирустық инфекцияның алғашқы жағдайы расталды. Науқас ауруханаға оқшауландырылды. Ол вирусты Италияның Верона қаласында жұқтырған.

Ковид-19 вирусының тарауы себепті көптеген халықаралық шаралар кейінге шегерілуі мүмкін. Мәселен, Италияның ішкі біріншілігі – А сериясының 26 кезеңінің барлық ойындары көрермендерсіз өтетін болды. Соңғы уақытта 2020 жылғы Еуропа чемпионаты өтпей қалуы мүмкін деген болжамдар айтылып жатыр. УЕФА өкілдері ойындарды қабылдайтын елдердің нұсқауларына сай әрекет етеміз дегенді айтады. 12 наурызда Грекияның Олимпия қаласында басталып, 26 наурызда Жапония аумағында аяқталу жоспарланған олимпиада жоспарына да өзгерістер енгізілуі мүмкін.

"The Qazaq Times"