Қазір Алматы қаласындағы "Астана" алаңының маңында әлі тіркеліп үлгірмеген Демократиялық партия өкілдері наразылық шарасын өткізуде. Олар жетекшілері, саясаткер Жанболат Мамайдың босатылуын, биліктің халық сөзіне құлақ асуын талап етуде.
Демократиялық партия құрушылар бүгін, яғни 22 ақпанда партияның алғашқы съезд өткізуді жоспарлаған. Алайда, өңірлердегі партия мүшелерінің, белсенділерінің ұсталып жатқанын алға тартып, съезд өткізуден бас тартты және оның орнына бейбіт шеру өткізетіндерін жариялаған еді. Ал кеше кештен бастап аталған партия жетекшісі Жанболат Мамайдан тартып, бірқатар белсенділерді ұстаған. Бүгін таңертең Демократиялық партияның 70-тен астам белсендісін ұстағаны туралы ақпараттар таралуда.
"Әлия-Мәншүк" паркінде Демократиялық партия жақтастары жиналған. Алайда, сол маңға жеткен шерушілерден көрі полиция жасақтары, күштік құрылым өкілдері және Алматы қаласы әкімдігінің өкілдерінің саны көбірек. Наразы топ "Тоқаевқа сеніп едік, кешегі берген уәдесі қайда, саяси өзгеріс болатыны қайда?" деген секілді талаптарын қоюда.
Партия жетекшілерінің бірі Т. Жүкеев болса бұрынғы президент Назарбаевтың әлді де билікті қолына ұстап, қазіргі президентке толық құқық бермей отырғанын айтуда. Оның айтуынша, бұндай дағдарысқа бастайын биліктің күні көп ұзаққа бармайды.
Тілшілеріміздің соңғы мәліметтеріне қарағанда, талаптарын айтып болғаннан кейін Демпартия өкілдері Төлеби көшесімен батыс бағытта ереуілдеп жүрмек болған. Алайда, полиция қызметкерлері оларды бір-бірлеп арнай көліктерге басып алып кетті. Соңында, Жанболат Мамайдың жұбайы Инга Иманбайды да ауыр аяқ екеніне қарамастан полиция көлігіне отырғызып алып кеткен.
Құрметті оқырман, алаңдағы тілшілеріміздің жеткізген ақпараттары бойынша бұл хабар алда да толықтырылады.