Жылға жуық уақытқа созылған істе судья Қажымұқан Мекемтас 18 ақпан Ислам Әбішевке 5 жыл, Серік Түкиевке 4 жыл бас бостандығын айыруға жаза кесті. Өзінің ақ екенін ағынан жарыла айтқан Әбішев пен Түкиев сот шешімімен келіспейді, қалалық сотқа аппелияцияға берді.

Судья Қажымұқан Мекемтас бұған дейін өзін ұстауы мен бейтараптығы, қазақ тіліндегі біліктілігіне байланысты әлеуметтік желіде бірнеше мәрте қоғам сынына ұшыраған болатын. Бұған себеп судья Мекемтас оқыған екі бет қаулыда 70-тен астам қате табылған. Мұны Әбішевтің адвокаттары мен қорғаушылары тексеріп анықтаған еді.

Осы жайттан кейін сот төрағасы іле-шала БАҚ өкілдері мен белсенділерге сот залынан тікелей эфир жүргізуге, фото-бейне түсірілім, аудиожазба жазуға тыйым салды.  Шектеу қойылды. Сарапшылар мұны «негізсіз шешім» деп бағалады.

Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Әбішев пен «Қазақ күресі» федерациясының бұрынғы вице-президенті Түкиевтің сотталуымен қатар, судья адвокат Абзал Құспанға сотқа жала жапты деп, журналистер Өмірзақ Ақжігіт пен Сәуле Әбілдаханқызы екеуіне сот беделін түсірді деп жеке қаулы шығарып, бір айдың ішінде шара қолдануға прокуратураға тапсырды. Көпшілік соттың бұл шешімін «оның өшіккенін көрсетеді» деп санайды.

Мемлекеттік тілге шорқақтау судья Қажымұқан Мекемтас Түкиевке шүйлігіп, өзінше мін артқандай болды. Дегенмен қоғам белсенділері оның «Сіз орыс тілін түсінбеймін, сот қазақ тілінде өтсін деп жалған айттыңыз. Өйткені сот барысында сіздің орыс тілін түсінетіңіз белгілі болды. Себебі сіздің атқарған Дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясы вице-президенті қызметіңіз және жоғары оқу орнын бітіргеніңіз орыс тілін білетініңізді көрсетеді» деген уәжіне дуылдасып, қарсылығын білдірді.

Белгілі адвокат Абзал Құспан: «Мен қандай жала жауыппын сот, сізге, анықтап айтпадыңыз? Сіздің қазақ тілінен екі беттен 76 қате жібергеніңізді айтқаным ба жала деп тұрғаныңыз? Мен ертеңнен бастап адвокаттық лицензиямды өткізіп, көшеден іздеймін шындықты! Сот залынан әділеттілік табу мүмкін емес екен», – деді шарт кесіп.

Осы орайда адвокатураның есігін жаппақ шешімге келген Абзал Құспанмен арнайы сұхбаттасып көріп едік.

 

«Бізде ұлттық бюро қаласа, «жел тұрмаса да шөптің басы қимылдайды»

QT: Абзал мырза, судья Қажымұқан Мекемтастың кешегі шығарған үкімін заңдық тұрғыда бағалау қиын болар, ал жалпы жеке тұлға ретінде азаматтық-«мендік» пікіріңіз бойынша қалай сипаттаушы едіңіз? Шешім қаншалықты негізді, қайталап сұраймын, жеке көзқарасыңыз бойынша?..

– Менің пікірім, шешім – толық әділетсіз. Адал азамат деген атын сақтап алуы керек еді. Пара алу үстінде емес, пара алуға оқталды деп соттады. Мұндай жаламен кез келген жүйеге жақпаған адамды соттай беруге болады. Өкінішке орай, мұндай жағдай жиілеп кетті. Шенеунік сотталып жатса, «ой, жақсы болды» деген деңгейге түстік. Шенеуніктің бәрі жемқор деген түсінік қалыптастырып тастады. Бұл ақымақтық, олай дейтініміз жаппай барлық адамға күйе жағу деген... Өз басым ұнатпайтын «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген шүбәшіл мәтел бар. Сөйтсек желсіз де қимылдайды екен.  Ұлттық бюро бір адамды қылмыскер жасаймыз деп шешті ме, ол оны жасайды. Жел болса да, болмаса да шөптің басын тербетті.

 

Қазақстанның сот жүйесі қашаннан бастап айыптау бағытына ауды?

QT: Жылға жуық жалғасқан процестің соңы осылай аяқталарын сездіңіз бе? Жарыссөз сатысында адвокаттар тобы «айыптың ешбір қисыны жоқтығын бүге-шүгесіне дейін» талдап, ашып берген едіңіздер. Неге бұлай бітті?

– Бұлай аяқталар деп ойламадым. Қоғамның қатысуымен, бұрын соңды Қазақстан соты тарихында болмаған 200 мыңға жуық адам қол қойған араша хат жолданды. Елге белгілі аудандық, облыстық мәслихаттың жүздеген депутаттар мен ондаған парламент депутаттары, танымал ақын-жазушылар, өнер адамдары қол қойғанына қарағанда, бұлай белден баспайтын шығар деп үміттенгем. Егер Ислам Әбішев, Серік Түкиев сияқты елге еңбегі сіңген азамттарды осылай еш сұраусыз сотталып кете берсе, онда Қазақстанда кез келген адамнан қылмыскер жасай салу деген ойыншық, түкке де тұрмайтын болады. Осы кезге дейін болып жатыр деген сот реформасы далбаса, жалған, жай ғана көз алдау үшін ғана. Ештеңе де өзгерген жоқ. Шамамен 2006-2007 жылдардан бастап, сот жүйесі тап-таза айыптау бағытына ауып кетті. Тек кейбір жекелеген жеңіл-желпі қылмыстарды ғана елді тыныштандыру үшін жоғары сотта қожакөрсіндікке салып ақтап жатады. Бар болғаны үй жөндегендегідей түпкілікті емес, жай косметикалық өзгеріс қана.

 

«Судьяның тәуелсіздігі – миф»

QT: Үкімге судьяның және әлдебір топтың қандайда бір ықпалы болуы мүмкін бе?

– Үкімге судьяның ешқандай ықпалы жоқ. Судья әдеттегідей жұмысын істеді, яғни прокурор ұсынған айыптау актісін айыптау үкіміне айналдырды. Белгілі бір топтардың тікелей ықпалы, солардың қалауы болып жатыр. Судьяның тәуелсіздігі деген, бұл – миф. Бұрындары соның сұлбасы болып еді, алайда қазір өте қатты тәуелді.

 

Судьялардың «бастығы»...

QT: Судья Қажымұқан Мекемтастың журналистер мен адвокат ретінде сізге шүйлігуі «әсіре субъективтілігін» байқатпады ма? Әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан осы мәнде пікір көбеюде. Мұның азаматтық қоғам мен БАҚ институтына қандайда бір әсері бола ма?

– Сөз бостандығы мен қорғау институтына... Әділ соттың символына көңіл аударсаңыз, көзі таңылған Фемиданың қолындағы тараздың бір басында – айыптау, екіншісінде – ақтау дегенді білдіреді ғой. Шын мәнінде, мұның  Қазақстан жағдайына қатысы жоқ. Бізде қорғау ешқашан айыптау жағымен тең болмаған. Және таяу арада тең болмайды да. Сол себепті өз орнымызды көрсетіп отыр: «адвокат, өз орныңды біл, сенің орның анау тұрған бұрыш, сонда бар да теріс қарап тұр, үніңді өшір». Сөз бостандығы... Сот отырысына қатысушылар еш коментарийсіз тікелей эфир жүргізді ғой. Судьяның заңды білмейтіндігіне, мемлекеттік тілді жеткілікті меңгермегеніне, оның сот процесінде өзін ұстай алмағанына, қайта-қайта процестік заң талаптарын сақтай алмағанына журналистер мен адвокат кінәлі ме? Соттың сотты жүргізе алмағанына кім айыпты? Сот жүйесінің жоғары жақтан қорғау институтын тұқырту туралы нұсқау да болуы мүмкін.

Тағы қайталап айтамын. Біздегі соттар тәуелсіз емес. Менің судья жолдас-замандастарым бар, әдетте төмендегі полиция-прокурордың жоғары басшысына бағынғанындай олар да облыстық соттар мен аппеляциялық төрағаға «бастық» деп қарайды. Әлгіндегі судьялар ешқашан да «мен тәуелсіз судьямын» деп айтпайды. Ал сот жүйесінде «бастық» деген болмауы керек, судья істі қарау барысында тәуелсіз және заңнан басқа ешкімге бағынбайды деген норма бар. Бірақ бұл норма басқаларына ұқсас сөз жүзінде болғанымен, іске аспайды.

Азаматтық қоғамның қалыптасуын тежейтіні сөзсіз. Елдің аузындағы анық сөз, кеңес кезінен арыла алмай келе жатқан теріс әдет «іс пен сөздің кереағарлығы». Тәуелсіз журналистика, азаматтық қоғамды дамыту мемлекетке қажет емес, тек шетелдік институттарды алдарқатуға арналған жансыз әдемі қызыл сөз ғана.

 

Халық адвокатын бездірген уақиға

QT: Алдағы уақыттағы Әбішев-Түкиев жақтастарының қадамы қандай болмақ? Сот үкімі оқылған соңғы жиында «сот залынан әділдік таппағандықтан, адвокаттық лицензияны тапсырып, шындықты көшеден іздеймін» деген уәжіңізді қызды-қыздымен айтқан эмоциялық реакция деп қабылдаған жөн бе әлде шынымен де нақты амал түрінде қолға алмақ ойыңыз бар ма?

– Адвокаттық қызметті тек күнкөріс, табыс көзіне айналдыруды дұрыс емес деп санаймын. Өйткені бұл жерде адамның тағыры шешіледі ғой. Сондықтан бұл қызметте мән-мағына қалмағанын анық сезіп, көріп-біліп отырмын. Қаншама адамдар жазықсыз сотталды, түрме толы бір-бірінен өш алу, кек алу, есе қайтару, аяқтан шалу деген сияқты істің кейіпкерлері. Бұл әсіресе, экономикалық сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысты. Мұндай жайттың бірі әрі ірісі көз алдымызда болып жатыр. Сол себепті бұдан былай бұл ойынның қатысушысына айналғым келмейді. Оданда күнкөрістің басқа бір  заңды, моральдық жағынан әлдеқайда дұрыс жолын таңдау ойымда бар.

Десе де тап бүгін адвокаттық лицензиямды тапсырамын деп айта алмаймын. Себебі кезінде, Әбішев ісінен бұрын да алып қойған міндеттемелерім бар. Солардың жұмысын аяқтап барып кетпекпін. Сондай-ақ біраз демалғым келеді. Қайнауымның соңғы нүктесі болған Әбішев ісінен кейін, шамамен үш ай көлемінде адвокатураның есігін жабамын.

 

Персоналды «консультация» немесе «тегін» кеңес

QT: Судья Қажымұқан Мекемтасқа заңды қызметкер деп емес, жай адам баласы ретінде айтарыңыз бар ма, кеңес немесе қарапайым өмірлік ой-пікір тәрізді.

– Қажымұқан Мекемтас ол да адам баласы, оның бізден жалғыз айырмашылығы – үстіне мантия кигені ғана. Бұл өмір сынақ екеніне еш күмәнім жоқ. Күндердің күнінде қарапайым еңбекшіге де, судьяға да, елге қызмет еткен адамға да, жазықсыз сотталушыға да жоғары жақтан басқа сот болатындығына ешқандай күдіксіз сенем. Мен оған Абайдың ойларына көбірек бойлауға, һәкімнің «пайда ойлама, ар ойла» дегенін қайта-қайта оқып қарап, соның мағынасына терең үңіліп, жадына түйіп, болашақта дұрыс қорытында жасауына кеңес берер едім.

Адвокат қызметінің арқасында елге, қазаққа танылдым, аты белгілі заңгерге айналдым. Мансап-лауазымым шарықтаған, табысы зор тұста осындай шешім қабылдадым. Судья Мекемтасқа да қанша жерден тиімді, жақсы жұмыс болса да, тәуелсіз түрде әділ шешім шығаруға ерік-жігері жетпесе, онда осы қызметтен кетуге кеңес берген болушы едім.

"The Qazaq Times"