Алматыда «Almaty Invest» халықаралық инвестициялық форумы басталды. Биыл форумға 20 мемлекеттен 700-ге жуық делегат шақырылған.
Қазақстанның оңтүстік астанасының инвестициялық тартымдылығын арттыру тақырыбын ортаға салған шарада Алматыдағы стартаптар мен инновациялардың болашақ өсу секторлары жөнінде пікірталастар өтті. Алматының инвестициялық әлеуеті және ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер, сандық экономиканы дамыту және бизнесті қолдаудың жаңа нысандарын енгізу бойынша ел алдына қойылған міндеттер аясында инновациялар мен кәсіпкерлікті дамыту сөз болды.
Форумда 31 меморандумға, $2,3 миллиард болатын бизнес-келісімшартқа қол қою жоспарланған. Шара аясында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Japan System Planning Co президенті Кумано Касуюкимен, Mitsui&Co.Moscow директоры Мегруо Хироси және McKinsey жаһандық институтының басшысы Джонатан Вотцелмен екіжақты кездесу өткізді. Сағынтаев мәлімдемесінде форум маңызына тоқталып, Алматы Сан-Франциско қаласының үлгісінде дамып келе жатқандығын атап өтті. Сонымен қатар, форум сессиялары аясында Алматының жаңа халықаралық туризм ретінде қалыптасу жолдары талқыланды.
Almaty Invest Forum 2019 қонақтарының қатарында Түркияның бұрынғы вице-премьері Мехмет Шимшек, McKinsey жаһандық институтының басшысы Джонатан Вотцел, ТІЕ Globalo қауымдастығының президенті Шарма Махавир пратар, Орталық және Шығыс Еуропа, Орталық азия елдері бойынша Nokia вице-президенті Микко Лаванти, Катар Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Мохаммад Бин Тауар Аль-Кавари және отандық компаниялардың топ-менеджерлері бар.
Форум ұйымдастырушылары: «Бизнесті дамытуды ынталандыру, Алматыға шетелдік инвесторларды тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу форумның басты мақсаты саналады. Алматы шетелден келген инвесторлар үшін ең тартымды өңірлердің бірі болғандықтан, қаланың сандық жағынан дамуы зор маңызға ие. Almayu Invest Forum – қала кәсіпкерлері мен әлеуетті инвесторлар арасында диалог орнатуға, қызықтыратын сауалдар мен алға қойылған міндеттерді шешу жолдарын талқылауға мүмкіндік беретін алаң», – деп атап өтті.