Идлиб провинциясындағы жағдай мәз емес. Апта басында Асад әскерінің соққысынан түрік сарбаздары қаза тапты. Кейіннен Түркия соққыға жауап беретінін хабарлап, Ресеймен қарым-қатынасты қайта қарау мүмкіндігі туралы сөз қозғады. Бұл ретте бір сұрақ туындайды: Анкара мен Мәскеу байланысы саяси қақтығысқа ұласуы мүмкін бе? Сараптап көрелік.
Күні бүгінге дейін Башар Асадтың басшылығымен Сүрия әскері проирандық әскери топтармен бірге әлі күнге дейін елдің солтүстік-батысындағы Идлиб провинциясында шабуылын жалғастырып келеді. Өз кезегінде бұл әрекет Түркияның наразылығын туғызып отыр. Сонымен қатар Сүрия әскерлері Дамаск-Алеппо трассасын бақылауға алған.
Ақпанның өзінде Сүрия армиясының артиллериялық шабуылдарынан 12 түрік әскері және бір азаматы қаза тапты. Бұған жауап ретінде Түркия Сүрияның 115 үкіметтік ғимараттарын нысанаға алып, 101 сүриялық жауынгердің көзін жойғанын айтты. Адам шығындары туралы Сүрия мәлімет таратпады.
Артынша мәлімдеме жасаған Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған: «Сүрияға дереу жауап қайтардық және ресми адамдарына наразылығымызды жеткіздік. Әсіресе, Идлиб аймағында пәрменді соққы жасадық, бірақ бұл жеткілікті емес, олар түрік әскерлеріне шабуыл жасаған сайын еселенген жауап алып отырады. Біз бұны ашық ескертеміз», – деді.
Түркия vs Ресей: Қақтығыс шегінде
Біріншіден, Идлиб Түркия үшін стратегиялық жағынан маңызды аймақ. Анкара бұл маңды «ықпал ету аймағы» деп санайды. 2017 жылы Идлиб провинциясында төртінші деэскалация аймағы құрылған. БҰҰ-ның деректеріне сүйенсек, бұл жерде «Джебхат ан-Нусра» мен «әл-Каида» террорлық ұйымының шамамен 10 мыңға жуық әскерлері бар. Сол кезден бері аймақтың хал-ахуалы қыл үстінде тұр. Үштік саммит нәтижесінде Түркия ондағы қарулы қатығысты доғаруды ұсынды. Ал Путин Башар Асад Идлибті өз иелігіне қайтаруға құқылы деген мәлімдеме жасады. Бірақ, саммиттің қорытындысына БҰҰ-ның көңілі толған жоқ. Олар әр ел өз ұстанымынан қайтпаса, «XXI ғасырдағы ең ауқымды гуманитарлық апат» болуы мүмкін деген болжам жасады.
Екіншіден, Асад күштері радикалды ислам топтарына ғана емес, Түркия қолдайтын оппозициялық ұйымдарға да соққы жасаған. Осыған дейін «Еркін сүриялық әскер» аталған топ «Ұлттық армия» боп құрылды. Демек Анкара бұл альянспен байланысынан бас тарта алмайды: олар Түркия әскерлерінің күрд жасақтарымен және радикалды исламистермен күресте көмектеседі.
Соңғы мәліметтер бойынша, соққы салдарынан Сүрияда 14 түрік әскері қаза тапқан. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған «егер де бір түрік солдаты зардап шексе, Анкара сүриялық топтарға соққымен жауап береді» – деді. Мұнымен қатар, Түркия Сүрияға ультиматум қойды: ақпанның соңына дейін Асад күштері Ресейдің қолдауымен өз бөлімшелерін Идлибтен толық шығаруы тиіс.
Анкараны алаңдататын тағы бір фактор – босқындар мәселесі. Ердоған Сүрия мен Ресейді Идлиб провинциясында бейбіт тұрғындарға қасақана соққы жасаған деп айыптап отыр. Соңғы жылдары Түркияға сүриялық мигранттар керуені ағылған. Ресми Анкараның болжамынша, миграициялық мәселелердің орын алуына Ресейдің тікелей ықпалы бар. Уақыт өте келе бұл – Түркия-Сүрия шекарасында гуманитарлық апат тудыруы мүмкін. Себебі Идлибте босқындар көп шоғырланған. Гуманитарлық ұйымдардың мәліметтері бойынша, провинцияда қазір 3,5 млн-ға жуық азаматтық тұлғалар бар.
Зерттеуші Джозеф Даэр Батыс елдері сүриялық режиммен кез келген масштабты әскери қақтығыс жағдайында Анкараға қолдау білдіреді дейді. Даэрдің пікірінше, Түркия шиеленісті тоқтатқысы келеді және Ресеймен өз қарым-қатынасына қауіп төндірмейді.
«Мәскеу – Дамаск пен Анкарада Асадтың дұшпандық жоспарларын жүзеге асыруды үдетуге де, тоқтатуға да қабілетті жалғыз ойыншы. Батыс және Таяу Шығыс державаларымен байланысты болып, Ресеймен тығыз қарым-қатынаста болғысы келеді», – деп атап өтті профессор Даэр.
Пайым
Сүрия эскалациясы, Идлиб мәселесінде Түркия мен Ресей үшін саясат және экономика мәселесі тұр. Биылғы жылдың басында Түркия мен Ресей президенттері Түркия арқылы оңтүстік Еуропаға ресейлік табиғи газды тасымалдайтын TurkStream құбырын ресми түрде іске қосты. Яғни кез келген ққатығыс конфронтацияға ұласпас үшін тараптардың ресми келіссөздері қажет, ал әскери мәселелер гибридті соғыс арқылы шешім таба алады.
Осыған дейін бірнеше мәрте Мәскеуге қарата өкпе-назын білдіріп, сынға алған президент Ердоған Түркия мен Ресей Сүрия дағдарысына байланысты орын алып отырған келіспеушілікті бейбіт жолмен шешуге ұмтылуы тиіс деп атап өтті. Қанша дегенмен, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмауға» тырысып баққан түрік басшысы Ердоған саяси аренада ұпай жоғалтқысы келмейді және Ресеймен экономикалық байланыстарға нұқсан келтіру Анкараға ұтыс әкелмесі анық.