Әлем елдерінің саяси және әскери лидерлері жұма күні Германияның Мюнхен қаласында қауіпсіздік конференциясын бастайды. Бұл жиналысқа себеп болған Ираннан тартып Гонконгқа, Украинадан Ливанға дейінгі қауіпсіздік дағдарыстары және жаңа коронавирустың тарауы мен жаһандық климат өзгерістері сынды төтенше жағдайлар.
АҚШ Мюнхеннен не күтеді?
Құрама Штаттар Мюнхендегі жиналысқа үлкен делегация аттандырыпты, құрамында қорғаныс министрі Марк Эспер мен мемлекеттік хатшы Майк Помпео да бар. АҚШ үшін кезекті бас қосуда ең үлкен мәселе Иран болары сөзсіз, бұның себебі айтпаса да түсінікті. Мюнхен конференциясында АҚШ қатысушы елдердің аузынан Иранды айыптаған мәлімдемелерді тыңдағысы келеді. Оған қоса Иранға қарсы қысымды күшейтуге көп санды елді көндіруге тырысады. Бірақ, конференцияның иесі Германия Иран ядролық келісімінің сақталып қалуын қалайтын ел екенін де ескеру керек.
Мюнхендегі қызу талқы болатын мәселелер
Мюнхенде АҚШ пен Иран қайшылығы қайталай сарапқа салынғалы тұр. АҚШ Иранның жоғары әскери шендісін өлтіріп діттеген мақсатын орындағандай көрінгенімен, мәселенің екінші қыры АҚШ-қа тоқпақ болып тиіп жатыр. Операция Ирак жерінде орындалды, оған қоса Иран да қарсы жауапты Ирак жеріндегі АҚШ базаларына бағыттады. Осыдан кейін Ирак АШ пен Иран арасындағы соғыс майданына айнала ма деген де заңды сұрақтар туды. Бұған орай Ирак Парламенті елдегі 5 мыңнан астам АҚШ әскерін шығаруға дауыс берді. Әрине, Ирак АҚШ-қа тікелей қарсылық көрсетіп, елдегі әскерлерін шығаруды талап етпесе де, Ирактың өзінен қарсылық қабылдау Құрама Штатты ырықсыз күйге түсірмек.
Бұл айтылғандар Иран жағдайы, ал Сүрия мәселесі өз алдына ушыққан күйде. Идлибте Сүрия мен түік армиясының арасындағы қақтығыс көптің назарында тұр. Түркия қаза болған әскерлері үшін кек алатынын ескертіп тастады, осының өзі бұл өңірде алдағы уақытта қақтығыс толастамайтынын білдіреді.
Ливия мәселесі үшін де Мюнхенге барған әлем елдерінің саяси, қорғаныс жетекшілері бірер ауыз сөз дайындай барғаны сөзсіз. Ливия мәселесі алдағы уақытта Сирия, Ирак дағдарысымен деңгейлес мәселеге айналуы мүмкін деген болжамдар да бар.
Ал, Ауғанстан мәселесі халықаралық қауіпсіздік конференциялардың тақырыптары қатарынан түскен емес. Дегенмен, соңғы жылдары Ауғанстан мәселесінде оңды, теріс өзгерістер аз емес. АҚШ пен Талибан арасында келісім жасалуы мүмкін деген болжалды үміт бар.
Бұл жолы Қытай СІМ басышысы мен АҚШ лауазымдылары да қатыса отырып, Қытайдағы коронавирустың өршуі, Гонконгтағы демократиялық қозғалыстар, сондай-ақ, қытайлық «Хуавей» компаниясының мәселелері алғаш рет ашық талқылануы мүмкін.
Осыларға қоса Ресей мен Украина жанжалы да бар. Ресей мен Еуропа арасындағы теке-тіресте жалғасып жатқаны бар. Жақында Франция Ресейді қайта байланыс орнатуға шақырған. Орталық және Шығыс Еуропа елдері әлі Ресей қаупінен алаңдаулы.
Міне осы мәселелер бойынша әлем елдерінің саяси және қорғаныс өкілдері үш күн бойы талқы өткізбек. Бірақ, көп тарапты АҚШ-тың кезекті үлкен делегациясы мен соңғы әрекеттері назар аудартты. БҰҰ Қорғаныс институтының сарапшысы Элизабет Берроу АҚШ-тың үлкен делегация аттандыруы Уашингтонның жіберген сигналы қатарында бағалап мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, соңғы жылдары АҚШ-тың Еуропадан алыстап бара жатқаны туралы көбірек айтылып жүр, дегенмен, Құрама Штаттар 25 жылдан кейін Еуропада ең үлкен әскери оқу-жаттығуын бастағалы отыр, Уашингтон осы әрекеттері арқылы «Еуропадан алыстау» пікіріне жауап бергісі келеді.