Бүгін, 7 ақпан астанада бір топ борышкер биліктен мәселесін шешіп беруін талап етіп, тағы да Ақордаға беттеді. Алайда наразы топты бұл жолы да арнайы жасақ өкілдері бөгеп, ары қарай өткізбеді.
Азаттыққа берген сұқбатында азамат Қанағат Тәкеева:
– Біз бүгін ғана барлық банктердің қайта қаржыландыру бағдарламасына қатысудан бас тартып жатқанын білдік. Біз шок болдық. Себебі бұған дейін 17 банк бағдарламаға қосылды делінген еді. Банктер Ұлттық банк ұсынып отырған түсініксіз шарттарды қабылдай алмаймыз дейді. Ұлттық банк те бірде-бір банктің қол қоймағанын растады. Енді биліктің сөзіне сенбейміз. Қошанов пен Тоқаевтың өзімен кездестіруді талап етеміз, – деді.
Белсендінің сөзіне қарағанда, кеше борышкерлер ұлттық экономика вице-министрі, әділет вице-министрі, сот актілерін орындау департаменті, жоғарғы сот өкілдерімен кездескен. Бірақ борышкерлер шенеуніктердің «мәселелеріңізді шешеміз» уәделерінен шаршағанын, нақты әрекет жоқтығын айтты.
Борышкер Әлия Байболатова «Келеміз – алдап-сулап шығарып салады. Ертең банктің акционерлері келеді дейді. Барсаң - акционерлер тұрмақ, тас та жоқ. Олар тіпті бағдарлама барын да білмейді. Олар халықты осында қинап қойып, қалай тамақ ішеді? Неше күн болды зарлап жүргенімізге? Жауап таба алмай жатырмыз», – дейді.
Ақпанның 4-і мен 5-сі де елдің әр аймағынан келген, экономикалық дағдарыстан ипотекасын төлей алмай қалған борышкерлер Ақорда алдына барар жолда арнайы жасақтың кедергісіне тап болған еді.
Қаржы сарапшылары 2014-2015 жылдары теңгенің аяқасты есепсіз құлдырауы тұрақты табысты тұралатқанымен қоймай, келісімшартты доллар талабымен түзген банк тұтынушыларына ауыр соққы келтіргенін айтады.
2000 жылдың алғашқы онжылдығында екінші деңгейлі банктер халықтың қаржылық-құқықтық сауатсыздығын пайдаланып, жаппай зор үстемемен ипотекалық несие үлестірген соң ел жағдайы әлі есеңгіреп тұрғаны жиі сыналады. Осы орайда Ұлттық банк 2015 жылы ипотекалық кредитті қайта қаржыландыру бағдарламасын әзірлегенімен, бұл мәселені шешуге қауқарсыздық танытып келеді.
Былтыр күздің басында мемлекет басшысы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын таныстырған еді. Бұл «азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратынын» айтқан президенттің сөзі мен ісінің теңдігі туралы қоғам пікірі әр алуан. Тоқаев тұңғыш жолдауында:
«Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», – деген болатын.