Кеше Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алаңында өткен баспасөз конференциясында Агенттіктің аға тергеушісі Данияр Бигайдаров энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы айтты. Бұл туралы агенттіктің ресми сайтында жазылды.
Агенттіктегі ресми адамның мәліметіне сүйенсек «2019 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің өндірісінде осы салада 104 сыбайлас жемқорлық қылмыстық іс болған, оның 91-і Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен тіркелген, 56 – өндіріспен аяқталды, оның 49-ы сотқа жолданды. 20-дан астам лауазымды тұлға сотталды» дейді.
Ал, 2017-2019 жылдар аралығында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен 300 – ден астам сотқа дейінгі тергеу тіркелген. Оның ішінде 288 қылмыстық іс тергеумен аяқталып, 92% сотқа жолданды және 78 тұлға сотталыпты.
Бұл тек бір саланың ғана беткі көрнісі. Еліміздегі одан басқа салаларда не болып жатыр. Оны көзі қарақты оқырман өзі де бағамдар. Аға тергеушінің
«Жүргізілген талдау қорытындысы бұл саланың әрбір бағыты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерімен ұштасқанын куәландырады. Анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің неғұрлым нақты нәтижелері сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау аяқталғаннан кейін жарияланатын болады», - дегенін еске салғымыз келеді.