Көп жылғы талас-тартыстан, түрлі саяси жанжалдар кейін өткен аптада ағылшын мемлекеті Еуропалық Одақтан бір жола шығып кетті. «Брексит» деп аталатын бұл саяси өзгерісті жүзеге асыру үшін Британия бас уәзірін (премьер-министрін) үш рет алмастырды және екі рет сайлау өткізді. Бұдан кейін 11 ай бойы жүзеге асырылатын өтпелі кезеңнің міндеттері алға қойылмақ. Соған сай Британияның өз ережелері бекіп, ЕО-мен болған байланыстар қайта реттеледі. Салықтар, төлемдер жоғарылай түседі.
Брексит ЕО мен Британия үшін қандай өзгерістер алып келуі мүмкін? Брекситтің мәні не? Көзге көрінетін қандай өзгерістер болуы мүмкні?
Еуропарламенттегі Британия депутаттары еліне қайтады. Британия Еуроодақтан шыққаннан кейін оның Еуропарламенттегі 73 депутаты еліне қайтады. Тек депутаттары ғана емес, Британияға тиесілі саяси институттар мен агенттіктер де еліне қайтады. Кейбір бірлескен жобалар соңына жеткенше Еуропарламентінде қалатын британдық шенеуніктер де бар.
Британия бұдан былай Еуропаның саммиттеріне қатыспайтын болады. Егер Еуропа Одағы Британия премьер-министріне арнайы шақырту жібергенде ғана қатыса алатын болады. Бірақ, көбіне-көп одақ ішіндегі маңызды жиындарға шақырылмайтын болады.
Жаңа келісімдер жасалады. ЕО құрамынан шыққаннан кейін Британия енді әлем елдері мен және ЕО елдерімен жаңа келісімдер түзе бастайды. Сауда келісімдерді қайта талқылайтын болады. Бұған дейін ЕО құрамында Британияға АҚШ немесе Аустралия сынды жақын қарым-қатынастағы елдермен дербес сауда келісімдерін жасасуға тыйым салынған. ЕО-дан бөлініп шығуды қолдаушы тарап Британия әлем елдерімен жеке-жеке сауда келісімін түзетін болса бұл экономиканың артуына тың қозғаушы күш береді деп келген еді. Осы бойынша ол Еуропа одағымен де жаңа келісімдер жасасуға тиіс.
Британия паспорты жаңаланады және визалық режимдер көбейеді. 30 жылдан кейін Британия паспортын бұрынғы көк түске өзгертетін болады. ЕО құрамына кіргенге дейін Британия Паспортының түсі көк және сары түстерде болып келген. Еуроодақ құрамында біртұтас қызыл-қоңыр түсті паспорт пайдаланды. Паспортты бұрынғы көк түске ауыстыру туралы шешім 2017 жылы қабыл алынған.
Өтпелі кезеңге байланысты көптеген қағидалар биыл жыл соңына дейін өзгеріссіз жалғаса береді. Айталық, қатынас-тасымал еш кедергісіз жұмыстарын жалғастырады. Өтпелі кезең аяқталғанға дейін барлық шекара бекеттерінде Британия азаматтары ЕО азаматтарымен бірдей қарастырылады. Сондай-ақ, осы кезең ішінде ЕО елдерінде Британдықтар еркін жүріп-тұра алады. Жұмыс істеу, қай елде жасау, зейнетақы жүйесі дерлік өтпелі кезең аяқталғанға дейін қазіргіге ұқсас жалғаса бермек. Британиялықтардың ЕО елдерінде жасауына, сонда қалуына еріктілік бар, Ағылшын аралындағы ЕО азаматтарына да солай.
Осылайша, ағылшын мемлекеті ықпалды Еуропалық Одақ құрамынан біртіндеп іргесін бөледі. Бұл әлемдегі ірі тарихи оқиғалардың бірі болып қалмақ. Себебі, бұл жай ғана бір мемлекеттің белгілі бір одақтан шығып кетуі емес, ағылшын әлемнің дербестенуі немесе әлемдегі үйектену процесінің жаңа бір қыры десе де болады. Бұдан кейін әлемнің дамуы мен құлдырауына, соғысы мен бейбітшілігіне ықпал ететін ірі күштер қатарында «Ағылшын әлемі» дербес көріне бастайды деген де пікірлер бар. Айталық, ЕО, Ресей, Қытай сынды күштер қатарында енді АҚШ, Аустралия, Британия сынды «ағылшын әлемі» ықпалды күшке айналады деген болжамдар бар.