Берлинде Германия мен Қазақстан Сыртқы істер министрлері кездесті.

Германия сыртқы істер министрі Хайко Мааспен келіссөз жүргізген Қазақстан СІМ Мұхтар Тілеуберді: «Қазақстанда Дойче банк, Кнауф, Метро секілді Германияның алпауыт компаниялары жұмыс істейді. Қазір Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастық сапа жағынан жаңа деңгейге шығып отыр. Жалпы Қазақстанның негізгі басымдықтарының бірі - инвесторларға қолайлы жағдай жасау. Тәуелсіздікке ие болғаннан бері елімізге 300 млрд доллардан аса инвестиция тарттық. Бұл бағытта жұмысымызды жалғастырып келеміз. Инвесторларға барлық кезеңде қолдау көрсетіп жүргенімізді айтқым келеді», – деді.

Мұнымен қатар, Мұхтар Тілеуберді Германияның экономика және энергетика министрімен кездесіп, инвестициялар мен елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқыға салды. Тараптар келесі жолы Қазақстанда жүздесуге келісті. Петер Альтмайер жазда елімізде өтетін Дүниежүзілік сауда ұйымының министрлік конферециясына қатыспақ.

Германиядағы логистикалық компания өкілдері: «Қазақстанды жақсы білемін. Жібек жолында бұрыннан істеп келеміз. Бұл Еуропа мен Азияны жалғайтын маңызды жол. Апта сайын Дуйсбург теңіз айлағынан 35 пойыз жіберіп тұрамыз. Германия мен Қытай арасында көптеген елдер орналасқанын ұмытпауымыз керек. Қазақстанның көлік тасымалы мен логистика саласында әлеуеті зор, біз қатыса алатын көптеген жобалары бар. Берлиндегі келіссөздеріміз жақсы өтті. Инфрақұрылым, көлік пен логистика саласында менің нақты жобаларым бар», – дейді.

Германия Қазақстанның ең ірі үш сауда әріптесінің қатарына кіреді. 2017 жылы шілдеде Қазақстан мен Германия іскерлік кеңесінің отырысында құны 872 млн еуроға бағаланатын 21 келісімге қол қойылды. Ал биыл 25 наурызда Германия Қарулы Күштерінің әскери қимылдарды модельдеу және әскери медицина саласында цифрлық мониторинг жүйесін пайдалануды үйрену мақсатында арнайы жасақ бөлімшелері арасында тәжірибе алмасу туралы келісімдерге қол қойылды. Былтыр екі ел арасында әскери ынтымақтастық келісімі қабылданды.

"The Qazaq Times"