Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның Мюнхен қаласында өтетін Қауіпсіздік жөніндегі форумға қатысады.
Жаһандық ірі форум саналатын Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясында әлем мәселелері талқыланып, жаңа келіссөздер жасалады. Жиынға 40-қа жуық мемлекеттің басшылары, 100-ден астам сыртқы істер және қорғаныс министрлері, халықаралық қатынастар саласындағы беделді сарапшылар қатыпақ.
Шараға дейін ел президент бірнеше мемлекеттің басшыларымен, халықаралық ұйымдар мен Германияның ірі компанияларының жетекшілерімен екіжақты кездесулер өткізеді деп жоспарланған. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев «BayWaAG» компаниясының басқарма төрағасы Клаус Лутцпен кездеспек. Аталған компания ауылшаруашылығы, құрылыс және энергетика саласының алыбы саналады. Ірі холдинг енді Орталық Азиямен байланыс орнатпақ.
Айта кетейік, Германия Қазақстанның ең ірі үш сауда әріптесінің қатарына кіреді. 2017 жылы шілдеде Қазақстан мен Германия іскерлік кеңесінің отырысында құны 872 млн еуроға бағаланатын 21 келісімге қол қойылды. Ал биыл 25 наурызда Германия Қарулы Күштерінің әскери қимылдарды модельдеу және әскери медицина саласында цифрлық мониторинг жүйесін пайдалануды үйрену мақсатында арнайы жасақ бөлімшелері арасында тәжірибе алмасу туралы келісімдерге қол қойылды. Былтыр екі ел арасында әскери ынтымақтастық келісімі қабылданды.