29 қаңтар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өткен кездесуде 16-шы білім министрі  Асхат Аймағамбетов болашақ педагог студенттердің өткір сұрақтарына жауап берді.

Диалог форматындағы кездесуде министр жарты сағаттық баяндамасында білім беру саласындағы өзгерістер мен педагогтарға жасалған / жасалатын мемлекеттік қолдау туралы сөйледі. Қалған 40 минут бойы педагогикалық салада білім алатын 3-4 курс студенттері сұрақты қарша бораты.

Кездесуге Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті және Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенттері қатысты.

«Педагог мәртебесі туралы» жаңа заңда көзделген әдеп кеңесі болашақта директорлар үшін «басқаша» ойлайтын, өзінің құқығын қорғай білетін белсенді мұғалімдерді жұмыстан босату тетігіне айналмай ма деген сауалымызға Асхат Қанатұлы:

– Әдеп кеңесі директордың педагогті орнынан босатуға қатысты жалғыз өзі шешім қабылдауына жол бермейді, – деп жауап қайырды.

Оның сөзінше, былтыр педагогикалық мамандықтар үшін шекті балл 60 болса, ал биыл мұны ведомство 70 балға дейін көтермек.

Жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасының артықшылығы мен мүмкіндігін түсіндірді. Химия және биотехнология саласының білімгерлері ЖОО мен мектепте техникалық-зертхалық базаның сын көтермейтінін айтып шағынды. «Нақты ғылым болғандықтан, өндірістік құрылғыларға ауадай зәруміз» деген жастар тек НЗМ желісінің білім ошағынада ғана зертханалық мүмкіндік барын айтты. Сонымен қоса студенттің бірі «оқулықтағы олқылықтар» мен «әртүрлі баспадан жарық көрген мектептердің бірізділенбеуін» айтып сынға алды.

– 4 курс студентімін. Сөздің шыны керек, химия пәнінен мұғалім болғандықтан, оқыту процесінде лабораторияға мұқтажбыз. Былтыр Назарбаев зияткерлік мектебінде тәжірибеден өттік, сонда оқушыларға тиісті деңгейде бағдар бере алмадық. Техникалық базаның жоқтығынан қажетті білім-білікті игере алмай келеміз. Сіздерден өтінішім, жаңартасаңыздар екен, – деп министрге сауал жолдады химия кафедрасының студенті.

Асхат Аймағамбетов жастардың сұрауын орынды деп бағалай келе, «2020-2025 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы» аясында 2025 жылға дейін барлық мектеп 4 кабинетпен (химия, физика, биология, стем) және ЖОО қажетті базамен қамтылады» деп уәде берді.

Сондай-ақ мектепке дейін білім беру мамандығының студенттері өз мамандығының әлеуметтік ортадағы беделі мен оған қолдау мәселесі жайлы сұрау жолдады. Министр мектептің мемлекеттілік, ұлттық құндылық ошағы екенін еске алып, «болашақ сот, дәрігер, полицей, ғалым, шенеунік те сол жерден шығады, сондықтан білім беру саласы қашанда назарда» деді.

Тағы бір студент «НЗМ сыныбында он оқушыдан, ал орта мектептерде 30-35 оқушыдан бір сыныпта отыратынын алға тартып, айырмашылықтың себебін» сұрады. Сондай-ақ жиында оқыту үдерісінде қолданылатын әдістемелік кемшіліктер сөз болып, «Педагог мәртебесі туралы» заңның рөлі мен оған қатысты алыпқашпа сөздерге түсіндірме берді.

Жиын соңында министр «педогикалық білім алып жатқан студенттерді мектепке келіп еңбек етуге шақырды».

Жуырда Қазақстан «бала тәрбиесі жөнінде ең үздік елдер» рейтингінде 73 елдің арасында 73 орынға, ал «білім беру саласындағы үздік елдер» рейтингінде  73 елдің арасынан 70 орынға жайғасқан болатын.

"The Qazaq Times"