Кеше, 22 қаңтарда күннің әртүрлі мезгілінде Алматыдағы Қытайдың консулдығы ғимаратының алдында үш қазақстандық жалғыз адамдық пикет өткізді.
Алматылық Серік Әжібай Қытайдан «Қазақстанның азаматтығын алған» үш тұрғын: Зейнолла Рақыжан, Гүлбаһар Жәлелова және Асқар Азатбекті қайтаруды талап етті.
– Мен жалпы Қытайдың концлагерінде қиналып жатқан Қазақстан азаматтарын дереу босатуды талап етемін. Олар - толыққанды Қазақстан азаматтары. Міне, құжаттары. Қазақстанда туған Гүлбахар Жәлелова Қытайға жеке кәсіппен сауда істеп барған кезде тұтқынға алынып, сол жерде оған жала жапқан. Қытайдың төлқұжатын жасап берген. 1,5 жыл сол жерде ең ауыр түрмеде отырған. Менің қойып отырған талабым - Қытайдың сыртқы істер министрлігі ресми түрде Гүлбахар Жәлеловадан, жалпы Қазақстан халқынан кешірім сұрауы тиіс. Зейнолла Рақыжан да, Асқар Азатбек те Қазақстанның толыққанды азаматтары. Оларды шартты түрде босатуды талап етемін. Бұл біздің егемендікті елемеу, тәуелсіздігімізді аяққа таптау деп білемін, – дейді Серік Әжібай Азаттыққа берген сұқбатында.
Із-дерексіз байланыс үзілген үш азаматтың Қазақстандағы туытары бірінші рет қарсылық акциясына шығып тұрған жоқ. Бұған дейін бірнеше рет Қытай консулдығы, мемлекеттік мекемелер алдында нақты талабымен пикеттер ұйымдастырған. Дегенмен бұл жолы да консулдықтан ешкім шықпады.
Екінші наразылықты күндіз Марат Құрбанов есімді тұрғын жалғыз адамдық пикет өткізіп, Шыңжаңдағы туыстарының хабарсыз кеткенін айтып, шағымданған.
Ал түс ауа қолына «Қытай геноцидті тоқтатсын!» деген жазуы бар плакат ұстап шыққан Байболат Күнболатұлы есімді азамат өзінің бауырымен байланыстыруды талап етті. Оның сөзінше, Қытайдың Іле-Қазақ автономиялық өлкесінде тұратын інісі Баймұрат Наурызбекұлынан 1,5 жылдан бері хабар үзілген.
– Қазақстанның азаматтығын «жартылай алған» (ықтиярхаты бар) інімді Қытай саяси лагерьде ұстап отыр. Жақында туыстарымнан оны он жылға қамап тастағанын естідім. Бірақ оған қандай айып таққанын білмейміз. Оның анасы телефонға жауап бермейді. Қытай консулдығынан біреу шығып, інімнің аман екендігіне көзімді жеткізсін, – дейді бауырын іздеген Баймұрат.
Оқиға орнынан хабар таратқан Азаттықтың мәлімдеуінше, «елшіліктен бір адам шығып, елшілікке құжаттарын өткізіп тұрған адамдарға «плакат ұстап тұрған адам кетпейінше құжат қабылдау тоқтайды» деп айтқан. Бірақ ол Күнболатұлынан не үшін пикет өткізіп тұрғанын сұрамаған». Консулды күзетіп тұрған сақшылар оны жолатпауға тырысып баққан.