Бүгін Ақорданың кең сарайында Тоқаев бастаған көп нөкер бірлесіп Президенттік жастар кадр резервін сән-салтанатпен қабылдады.
Жарты жылда 13 мың үміткердің арасынан іріктеліп алынған 300 жастың мақсаты мақсатында «мемлекеттік аппаратты жетілдіру және басшылардың жаңа буынына жол ашу» дейді мемлекет басшысы.
Президент жиын барсында «Үш жүз спартандық» пен ел жастарына қарата арнайы үндеу жолдады. Ол «Қазақстанды жаңа белестерге көтеруге мүмкіндік алған талантты» жастарға «біздің мақсат лауазымды қызметке тағайындау ғана деп ойламаңыздар» деп ескертті.
Ел басшысының сөзінше, қазірдің өзінде резервке өткен 55 азамат жаңа қызметке тағайындалған. Сондай-ақ биыл жүз шақтысы «орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жауапты қызметке» жіберіледі.
Жүзден жүйрік шықты деген жастарға «ең алдымен, мемлекетімізді одан әрі өркендетіп, тәуелсіздігімізді нығайту және елдің әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуымыз қажет» деді президент.
Осы тұста сарапшылар тарапынан сынға көп ұшыраған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі 3 принципі аталды. Олар: ашықтық-жариялылық, инклюзивтілік, азаматтардың сұрауына дер кезінде жауап беру.
Үндеудің ең қызық тұсы экс-президенттің есімін атамай өтпейтін Тоқаев бұл жолы Назарбаевтың атын бір мәрте, соған қоса қазақ тарихында ең алғаш реті демократиялық жолмен сайланған басшы Әлихан Бөкейханның атын атап, одан дәйексөз келтірді. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Кезінде Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп айтқан. Бұл – ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын, уақыт өткен сайын мән-маңызы арта түсетін қанатты сөз, – деді.
Тоқаев «мемлекетті басқару жүйесін жаңғырту мақсатында ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр» деп санайды. «Қайталап айтамын, мемлекеттік қызметкер – халық арасында ел үшін қызмет ететін халықтың бір бөлігі» деген ол «әр заманда кез келген халықтың білімді және білікті азаматтарының ортақ мүддеге топтасатын кезеңі болатынын» әрі сол күн бүгін екенін жеткізді.
Сөзінің соңына қарай Тоқаев алдағы кезеңде кәсіпкер, ғалым, мәдениет қайраткері, жасампаз инноватор әрі ХХІ ғасырдың табысты мемлекетін құруға дайын басқа да дарынды жастардың жаңа толқынын белсенді түрде қолдайтынын мәлімдеді.
«Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы. Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты. Әрдайым ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, дәріптеу» жастарға жүктелген мәртебелі миссия», – деді президент.
Ақорда жариялаған 6 бет көлеміндегі президент үндеуінде 2564 сөз бар. Оның 1736-сы – орысша, 828-і ғана қазақ тілінде. Яғни мемлекет басшысының спичрайтері мәтіннің 67,7%-ын орыс тілінде дайындаған.
Бұл бірінші рет емес. Тоқаев президент болып келгелі бері қоғамға арналған баяндама-мәлімдемедегі қазақ тілінің үлесі бір бас көтерген жоқ. Өткен айдағы Ұлттық сенім кеңесінің екінші отырысында оқылған баяндаманың (3851 сөз) да тек 1288 сөзі (33,4%) ғана қазақ тілінде болды.
Бұған дейін қыркүйектің 2-сі Тоқаев «Қазақстан халқына жолдауының» тек 25%-ы ғана мемлекеттік тілде жазылған еді. Ондағы 5960 сөздің 1497-сі қазақ тілінде, ал 4463 сөзі орыс тілінде. 75%-ы орыс тілінде жасалған жолдау Қазақстан халқына арналды.
Сондай-ақ 16 тамыздағы дәстүрлі Тамыз кеңесінде айтылған «тосын баяндаманың» 29,4%-ы ғана мемлекеттік тілде болды. Тоқаевтың Тәуелсіздік сарайында оқыған көлемді мәлімдемесіндегі 2414 сөздің 711-і ғана қазақ тілінде. 3/1-іне де жетпейтін бөлігі ғана мемлекеттік тілде жарияланды.