8 қаңтарда Теһраннан Киевке бағыт алған ұшақ апатының техникалық ақаудан болғаны хабарланды. Бірақ АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс кезінде орын алған ірі апат жөнінде басқа да болжамдар бар.
Жолаушылар ұшақтарының қозғалысын бақылайтын Flightradar24 сайты «Boeing» Теһраннан жергілікті уақыт бойынша 2:42-ге ұшып көтерілгенін және ол туралы соңғы ақпарат екі минут өткен соң 2:44-де алынғанын хабарлады. Қазіргі уақытта апат себебі жөнінде төрт болжам бар: зымыранмен атып түсіру, борт ішіндегі теракт, ұшақ моторының жануы немесе ұшқышсыз ұшақпен соқтығысу.
Америка, Канада және Украина лайнерге Иран зымыраны абайсызда тиген болуы мүмкін дейді. АҚШ президенті Дональд Трамп ұша апаты техникалық ақаудан болды дегенге күдікпен қарайды. Трамп: «Менің өз болжамым бар. Бұл орны толмас үлкен қайғы. Ұшақ қауіпті аймақта кетіп бара жатқан. Кейбіреулер апатқа техникалық ақау себеп дейді. Бірақ мен бұл пікірмен келіспеймін. Барлығына көз жеткізу үшін Иран тарапы Boeing-тің қара жәшіктерін оқуды өзге елдерге беру керек. Мысалы, франциялық немесе канадалық мамандардың көмегіне сүйену керек», – дейді. Алайда қара жәшік бүлінген.
Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі ұшаққа Ресейде жасалған «Тор» зениттік-ракеткалық комплексінен жіберілген зымыран тиюі мүмкін дейді. Теһранға барған украиналық мамандар Иран билігімен апат орын алған жерге барып, зерттеу жүргізбек.
Апаттың себеп-салдарына Канада билігі де күдік келтіріп отыр. Премьер-министр Джастин Трюдо: «Қолда бар мәліметтерге қарағанда, оның ішінде біздің одақтас елдің барлау қызметтерінің ақпарлары да бар, ұшақ Иранның зымыранымен атып түсірілген. Айғақтар жер ауа санатына жататын зымаран қолданылғанын көрсетеді», – деген мәлімдеме жасады. Канада «оқиғаның анық-қанығына көз жеткізбейінше тынышталмаймыз» деп отыр.
Ал Иранның азаматтық авиация ұйымы бұл болжамды «негізсіз» деп жоққа шығаруда. Теһранның мәлімдеуінше, әуе көлігі көкте техникалық ақаудан жанып барып жерге құлаған. Иран тарабының хабарлауынша, ұшақ моторы жанып, пилоттар ұшаққа ие бола алмай қалған. Жергілікті БАҚ «ұшақ радардан жоғалып кеткенде 2500 метр биіктікте болған. Пилоттар ешқандай төтенше жағдай жайлы хабарламаған, бірақ қайта әуежайға оралуға тырысқан» деп жазды.
Теһрандағы Имам Хомени халықаралық әуежайы маңында апатқа ұшыраған Boeing 737 бортындағы 176 жолаушының бәрі көз жұмды. Ресми мәліметтер бойынша, бортта 82 ирандық, 63 канадалық, 10 швед, 4 ауған, 3 британдық және Германияның 3 азаматы болған. Украина СІМ өкілдері 11 украиндықтың арасында экипаждың тоғыз мүшесі бар деп хабарлады. Ұшақ «Украина халықаралық әуе жолдары» әуекомпаниясына тиесілі.
Иран билігі қара жәшікті беруден бас тартып отыр. Халықаралық ережелер бойынша Иран өз бетінше тергеу жүргізуге құқылы. Бірақ апат жөнінде екіұдайы болжамдар болғандықтан, бұл істі шетелдік мамандар да зерттейді. Әдетте мұндай жағдайда құлаған ұшақты дайындаушы компания да жауапқа тартылады.