АҚШ әуе күштерінің шабуылынан Иранның жоғары әскери шендісі қаза болғаннан кейін екі ел арасында соғыс қаупін елестететін шиеленіс күшейіп кетті. Иран генералы қаза тапқан әуе шабуылына президент Трамп пәрмен бергені де белгілі болды. Бұған қоса Трамп Иранның қандай да бір қарулы әрекеті үшін қатаң жауап беруге әзір екенін де жеткізді.

Дегенмен, Пентагон лауазымдылары Иранмен терең қайшылыққа кеткісі жоқ. Олар АҚШ-тың Орта-Шығыста жанжалға түсуі Ресей мен Қытай сынды ірі державалармен бәсекелестігіне кері әсер етеді деп санайды. Иран кек алу туралы мәлімдеме жасағаннан кейін Пентагон басшысы Эспер мыңдаған қосымша әскери күштердің Орта-Шығысқа жіберілгенін растады. Ол және бұл әрекеттің орынды әрі алдын алу шарасы екенін жеткізген.

Осыдан екі апта бұрын ғана Пентагон басшысы жаңа бір жылға арнаған қорғаныс жоспарларымен таныстырғанда, Ресей және Қытай сынды стратегиялық әріптестерінің жаңа сынақтарын жіті қадағалауды қолға алатындарын, сонымен бірге Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы тұрақтылық үшін Орта-Шығыстағы қарулы күштер санын қысқартатынын, тіпті кейбір елдерден бір жолата әскери шегініс жасайтынын жеткізген еді.

Екі апта бұрын жасаған мәлімдемесінде Эспер: «Бізде өзіндік ұлттық қорғаныс стратегиямыз бар, ол біздің үлкен күштердің бәсекелестігі дәуірінде тұрғанымызды анықтап отыр. Біздің басты бәсекелестеріміз – Ресей мен Қытай. Сондықтан, менің мақсатым – Сүрия мен Ауғанстанды қамтыған, әлемнің басқа аймақтарындағы әскери күшімізді қалай өнімді қысқартудың жобасын жасау. Бұл үшін біз әскерлерді қайтарамыз және оларды қайта даярлаймыз. Оларды толықтай жаңа жабдықтармен қамтамасыз етеміз немесе оларды Үнді-Тынық мұхиты аймағына жылжытамыз, міне бұл менің басты міндетім», – деген болатын.

АҚШ теңіз күштерінің хатшысы қызметін атқарған Томмас Модли да осыдан бұрын АҚШ теңіз күштерінің Үнді-Тынық мұхиты аймағында Қытай күштеріне қалай қарсы тұру жөніндегі жобасымен таныстырған еді. Ол АҚШ-Иран арасындағы соңғы жағдайларға байланысты алаңдаушылығын жеткізді. Оның ойынша Иранмен болған шиеленіс АҚШ Теңіз күштерінің Үнді-Тынық мұхитындағы белсенділігіне кері әсер етуде. Өз сөзінде Томмас Модли: «Оқиғалар күтпеген жерден туылады. Енді Иран агрессивті бола түсті, біз сол аймаққа ұшақ тасымалдаушы кемелерді жіберу арқылы жауап бердік. Ұшақ тасымалдаушылары сол аймақта тұрғанына 10 айдан асты, бұл біздің жалпы теңіз күштерінің дайындығына әсер етеді. Біз Ресей мен Қытайға баса назар аударып, үлкен державалар арасындағы бәсекелестікке дайын болуымыз керек еді. Бірақ, күтпеген оқиғаларды біз басқара алмаймыз», – дейді.

Дегенмен, екі ел арасында соғыс даусыз болады деу де қате болжам. Себебі, екі ел президенттері мәлімдемелерінде ашық соғысты қаламайтынын жеткізді. Тек, Уашингтон мен Теһранды ырықсыз түрде соғысқа итермелейтін факторлардың әсері қайшылықты ұлғайтып барады. Қорыта айтқанда Сулейманидың өлімінен туындаған қақтығыс АҚШ-ты Үнді-Тынық мұхитында Қытаймен болған бәсекедегі ырықты орнынан алшақтатып барады. Егер АҚШ пен Иран соғысқа беттесе, бұл Ресей мен Қытайдың әлемдік ықпалын жоғарылата түседі. Сондықтан да, Құрама Штаттар өзінің стратегиялық мүддесі үшін кері шегініс болатын бұл қауіпті қадамды таңдамайтыны анық.

“The Qazaq Times”