АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранның мәдени нысандарын жою туралы берген ескертуі халықаралық сынға ұшырады. Кейбір сыншылар оның бұл сөзін әскери қылмысқа теңеді. Мәдени нысандарға қарсы шабуыл Америка Құрама Штаттарындағы азаматтық соғыс (Оңтүстік-солтүстік соғысы) жылдарынан бері бұзылмай сақталған ережесіне қайшы келеді.
Өткен аптада АҚШ қарулы күштері Ирак астанасы Бағдат шаһарында Иранның жоғары әскери шендісі Касем Сулейманидың көзін жойды. Оған АҚШ базаларына қарсы шабуыл жасауға дайындалған деген айып таққан. Алайда, Иран бұны жоққа шығарып, Сулеймани үшін кек алуға уәде берді. Теһранның пікірне реакция қайтарған Трамп өзінің «Твиттер» парақшасында ескерту жасап, АҚШ-қа қарсы кек алу мақсатында әскери әрекеттер жасалса, Иранның маңызды мәдени нысандары жойылатынын айтып қорқытқан болатын.
АҚШ президентінің Иранға тиесілі мәдени нысандарды жою туралы жасаған ескертуі АҚШ саясаткерлері жағынан да сынға ұшырауда. Америкалық саясаткерлер АҚШ армиясының маңызды міндеттерінің бірі әлемдегі мәдени нысандарды қорғау болып келгенін алға тартып, президенттің әрекеті ел армиясының беделіне нұқсан келтіретін әскери қылмысқа итермелеу деп сынға алды. Айталық Обама тұсында Президенттік мәдени құндылықтар жөніндегі консультативтік кеңесін басқарған Герштейн Брисса бұл туралы сөзінде: ««Мәдени мұраға қарсы шабуыл мен оны кек алу нысаны ретінде шабуыл жасау идеясы ел іші және халықаралық тұрғыда да жиіркенішті», - деген.
Трамптың бұл қадамына қарсы сындар АҚШ саясаткерлерінен тыс одақтас елдерден де айтылып жатыр. Айталық, Британияның СІМ басшысы Доминик Рааб: «Біз мәдени нысандардың халықаралық заңмен қорғалатындығын өте ашық түрде тұрақтандырған болатынбыз. Сондықтан, біз АҚШ президенті бұл тәртіпті құрметтейді деп үміттенеміз», – деген.
Трамп бұдан кейін журналистерге сөйлеген сөзіне өз ескертуінің орынды екенін жеткізуге тырысқан. Ол журналистерге: «Біз оларға халқымызды өлтіруге, азаптауға жол беріп келдік. Оларға жол бойына қойылған бомбалармен біздің азаматтарымызды өлтіруге жол беріп келдік. Ал, бізге олардың мәдени нысандарын көшіру үшін жол берілмей ме?! Бұл әділетсіз ғой», – деп қысқа қайырған.
Дегенмен, АҚШ қарулы күштері мәдени нысандарға қарсы шабуыл жасаса бұл халықаралық заңды бұзу екені белгілі. Бұл пікірді бұрынғы Ұлттық барлау қызметінің директоры Джеймс Клаппер де құптайды. «Егер біз бұлай жасасақ халықаралық қауымдастықтың ашу-ызасын тудырамыз және Америка Құрама Штаттарының мәдени нысандарына да қауіп төнеді. Үлкенді, кішілі топтар АҚШ мәдени нысандарына қарсы шабуыл жасауға тырысады. Мен Пентагонның бұндай ұстанымда емес екеніне сенімдімін, Пентагонда Мәдени нысандарды жою туралы жоспар болған емес», – деді Джеймс Клаппер VOA ақпарат қызметіне берген сұхбатында.
Джеймс Клапперден өзге де АҚШ-тың барлау және қорғаныс саласында қызмет еткен бірқатар ақжағалылары да президенттерінің бұл пікірне қарсы. Олардың пікірінше, егер АҚШ қарулы күштері Иранның мәдени нысандарын нысанаға алатын болса, бұл ирандықтардың эмоционалды қарсылығын өршітіп қана қоймай, Иран халқының өз режимін қолдау тебінін арттырады. Бұл жағдай Құрама Штатты халықаралық ырықсыз күйге түсіріп қана қоймай, Иран режиміне қарсы күрестегі сәтсіз әрекет болып қалады.
Бұған дейін Талибан және «Ислам мемлекеті» сынды террорлық топтар ғана мәдени нысандарға қарсы мақсатты жою әрекеттеріне барған. Ал, осы топтар бүкіл әлем халқының сынына, қарсылығына ұшырап келді. Сондықтан да Трамптың Иранға қарсы ескертуі әлем лидерлері арасында күшті қарсылыққа ұшырап отыр.