АҚШ пен Иран байланысы ушыға түсті. Сол себепті Германия, Ұлыбритания сынды бірқатар Еуропа елдері Таяу Шығыстағы жағдайды реттеу үшін Иранмен келіссөз жүргізуге ниетті. Германия Сыртқы істер министрлігінің басшысы Хайко Маас осылай деп мәлімдеді.

Осы мақсатта Маас БҰҰ мен Еуроодақ шеңберінде барлық шаралар қолға алынатынын айтты. Сонымен қатар, Германия Таяу Шығыста қарулы қақтығысты болдырмауға күш салатынын жеткізді.

Британия Сыртқы істер министрі Доминик Раабтың айтуынша, «АҚШ Касем Сулейманиді өз азаматтарын қорғау үшін өлтірген. Себебі, ол аймақты тұрақсыздандырып, батыс елдерінің өкілдіктеріне шабуылдар ұйымдастырған. Бірақ Рааб әскери қақтығыс елге ешқандай пайда әкелмейтінін, одан тек лаңкестік топтар ұтады». Рааб сөзінде: «Біз қазір жағдайды тұрақтандыруға күш салып жатырмыз. Мәселені еуропалық және америкалық әріптестерімізбен талқыладық. Кеше Ирак президентімен, ал бүгін таңертең осы елдің премьер-министрімен телефон арқылы сөйлесіп, өз ұстанымымызды жеткіздім. Жуық арада Иран Сыртқы істер министрімен де қақтығысты болдырмаудың жолдарын талқыламақ ойдамын», – деп мәлімдеді.

Өткен аптада Ирак жеріне аяқ басқан АҚШ әскерилері Бағдадтағы халықаралық әуежайға зымыран атқан. Жарылыс салдарынан Иранның арнайы жасақ генералы Касем Сулеймани қаза тапқан. Кейіннен генералдың өліміне қатысты жауапкершілікиі Пентагон өз мойнына алды. Қазіргі уақытта екі ел арасындағы жағдай қайшылыққа толы. Ақ үй басшысы Трамп АҚШ күштері Иранның 52 нысанын бірден талқандайтынын жеткізді. Ал Теһран Американың Таяу шығыстағы 35 әскери базасын нысанаға алып, қарымта жауап қайтаруға дайын екенін айтып отыр.

"The Qazaq Times"