Солтүстік Корея басшысы жаңа жыл қарсаңында қауіпті мәлімдеме жасады. Ким Жоң Ун (Ким Чен Ын) енді АҚШ-пен келіскеніндей ядролық сынақтар мен алыс қашықтықтағы зымыран сынақтарын уақытша тоқтату туралы уәдесін жалғасты орындай алмайтынын ескертті. Тіпті, АҚШ келіссөздегі позициясын өзгертпесе "сұмдық қадамдарға" баратынын айтты.
Солтүстік Корея басшысының мәлімдемесі жақын арада ядролық немесе баллистикалық зымыран сынағын өткізетінінен хабар береді. Ол мәлімдемесінде "күшті ядролық қаруды жетекшілік етуді" жалғастыруға ант еткен, сондай-ақ "практикалық іс-қимыл" туралы ескерту жасады. Оның "практикалық іс-қимыл" деген сөзі қазірге сыртқы әлемге құпия болып тұрған бір реткі қауіпті әрекетке бел байлап отырғанын көрсеткендей. Сарапшылар бұны ядролық сынақ немесе АҚШ территориясына жетуге қабылетті зымыран сынағы болуы мүмкін деп болжайды.
Өткен 2019 жылдағы АҚШ-Солтүстік Корея қатынасына назар аударар болсақ, АҚШ президенті Дональд Трамптың Солтүстік Корея басшысы жасаған ескертулерге елеусіз қарағанын байқаймыз. Жыл соңында Трамп Солтүстік Кореяның "тосын сыйына дайын" екенін, тіпті оған еселеп "қарымжы" қайтаратынын айтқан. Ол сөзінде: "Ол (Ким Жоң Ун) өзінің еліне өкілдік етеді, мен өз еліме өкілдік етемін. Біз өзіміз істеуге тиісті істі істейміз... Мені оны (Солтүстік Корея басшысын) өз уәдесін орындайтын адам деп санаймын, сондықтан күтіп көрейік, меніңше ол өз уәдесін орындайтын адам", – деген.
Дегенмен, Ким Жоң Унның қауіпті ескертулерінің өзінде келіссөзге деген ашықтық байқалады. Айталық, ол өзінің "қауіпті әрекеттерін" (айталық, зымыран сынағы немесе ядролық сынақты) тек шартты жағдайда ғана жүзеге асыратынын айтты. Яғни, АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен әскери жаттығулары жалғасып жатқан жағдайда. Бұның өзі де қатаң ескертумен бірге келіссөзге де жол қалдырып отырғанын аңғартса керек.
Шын сөзіне келгенде, Солтүстік Корея мәселесінде тараптар арасында сенімсіздік басым. АҚШ санкцияны алып тастаудың шарты ядролық қарудан түбегейлі бас тарту деп шалқайса, Солтүстік Корея "алдымен санкцияны алып тастап, бейбітсүйгіш бейне таныт, содан кейін қарудан бас тартамын" деп қасарысады. Бұл арада қос тараптың да шегінгісі келмейтіні көрінеді. Тіпті соған мүдделі болуы да мүмкін. Себебі, АҚШ үшін Солтүстік Корея басты қауіп емес, мүмкін Корей түбегі мәселесі державалар арасындағы таусылмас теке-тірестегі шахмат тасы болуы да ғажап емес. Меңзеп отырғанымыз АҚШ-Қытай, АҚШ-Ресей қатынасы.