Кеше Уашингтонда АҚШ пен Үндістанның сыртқы істер және қорғаныс ведмство басшылары кездесіп, «2+2» форматы аясында қорғаныс және технологиялар ынтымақтастығын нығайтуға келісті. Бұл арқылы АҚШ пен Үндістан бірлескен әскери оқу жаттығулардың күші мен көлемін арттыруды көздеп отыр.

Шараға АҚШ мем. хатшысы Майкл Помпео, қорғаныс министрі Марк Еспер, Үндістанның СІМ басшысы Субрахманям Джайшанкар және Үндістан қорғаныс министрі Раджнат Сингх қатысты. Кездесуден кейін төртеу ара баспасөз жиынын өткізді.

Баспасөз жиынында белгілі болғандай, АҚШ-Үндістан арасында ғылым-техниканы дамыту мақсатында айтулы жобаға қол қойған. Жалпы екі ел арасында бұған дейін де технологияны дамыту бағытында табысты жобалар жұмыс істеп келген еді.

Артып келе жатқан Қытай ықпалына қарсы тұру                                    

АҚШ пен Үндістанның қорғаныс және технология саласында ынтымақтастықты арттыру әрекеті Қытайдың артып келе жатқан ықпалына қарсы жасалып отырғаны анық. Қытай тақырыбын екі елдің лауазымды тұлғалары басқарып ашқан баспасөз жиынында да көбірек талқылады. Айталық, Помпео сөзінде: «Қытай туралы айтар болсақ, біз Қытай байланыс желілерінің, соның ішінде 5G технологиясының біздің еркіндігімізге әкелетін қатерлері туралы талқыладық. Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы Қытайдың әділетсіз және жыртқыш экономикалық әрекеттері бостандыққа қауіп төндіреді», – деді.

АҚШ соңғы жылдары Үнді-Тынық мұхитындағы Қытай ықпалын тоқтату үшін аймақтағы елдермен қорғаныс ынтымақтастығын жандандырды. Айталық, Оңтүстік қытай теңізіне шектесетін Филиппин, Вьетнам қатарлы елдермен, сондай-ақ, Үндістан, Жапония, Аустралия секілді өңірдегі ірі мемлекеттермен де бұл салада табысты ынтымақтастық жасасты.

Дегенмен...

Дегенмен, АҚШ пен Үндістанның бұл қадамдары екі елдің де ішкі қайшылықтары асқынып тұрған тұста жасалуда. Айталық, президент Трамп, импичмент қысымында тұр. Помпео бұны «ақымақтық және шу-шұрқан» деп бағалады. Әрі, бұл әрекеттер үкіметтің ұлттық қауіпсіздікке баса назар аударуына бөгет бола алмайды деп көрсетті.

Ал, Үндістан өз ішінде «Азаматтыққа қабылдау туралы» жаңа заң жобасы елдегі мұсылмандардың қарсылығына тап болды. Бір аптаға жуық уақыттан бері елдің бірнеше қаласында наразылық шерулері өтіп, оның соңы полициямен қақтығысқа ұласты.

 

“The Qazaq Times”