АҚШ президенті әкімшілігінің түрлі наразылық пен қысымға тап болуына қарамастан, Мемлекеттік департамент Осман империясы кезіндегі армян қырғын туралы мәмілесін өзгертпейтінін білдірді. Бұған дейін АҚШ Конгресінің екі палатасы да 1915 жылғы армян қырғынын геноцид деп таныған резолюцияны қабылдаған болатын.
«Армян геноциді» және «америкалық үндістер геноциді»
Мемлекеттік департаменттің бұндай мәлімдемесі АҚШ пен Түркия арасында қарым-қатынас салқындап, «қайым айтысулар» күшейіп тұрған кезде жасалды. Биыл 24 сәуір күні геноцид құрбандарын еске алу шарасы кезінде президент Трамп та армян қырғыны туралы сөз қозғаған болатын. Ол кезде Трамп: «Миллионға жуық адамды өлтіріп, депортация жүргізу XX ғасырдағы үрейді ұшырған зұлымдықтың бірі», – деген еді.
Әрине, АҚШ-тың бұл мәмілесі империя мұрагері Түркия тарабынан жауапсыз қалған жоқ. Осы аптаның бас шенінде президент Ердоған еліндегі АҚШ-тың әскери базаларын жауып тастайтынын ескерте кетті. Бұған қоса Ердоған Түркия ресми түрде АҚШ-ты Америка құрлығының жергілікті халқына (америкалық үндістерге) геноцид жасады деп тануы да мүмкін екенін айтты.
АҚШ пен Түркия арасындағы салқындыққа ресейлік әуе қорғаныс жүйесінен басталған дау түрткі болған. Уашингтон Ресейдің S-400 жүйесін сатып алудан бас тартуды талап етіп келеді, бірақ, бұған Анкара көнген емес. Ердоған бірер күн бұрын «қажет болса Інжірлік және Күрежіктегі екі әскери базаны жауып тастайтынын» білдірді. «Тараптар кейін оңауға мүмкін болмай қалатын қадамдарды жасамауы керек», – деді түрік басшысы телеарнадағы мәлімдемесінде.
АҚШ Түркияның әскери базасына қаншалық мұқтаж
Шетелдік бірнеше әскери базаларды жауып тастау туралы Түркия бұған дейін де айтқан, сол арқылы батыстық одақтастарына ескерту беріп келген. Бірақ, бұл жолғының жөні бөлек. Бұл рет АҚШ-пен болған мәмілесі ушығып тұрған кезде осындай ескерту жасады. Күрежіктегі әскери база АҚШ қана емес, НАТО ұйымы үшін де аса маңызды. Себебі, онда НАТО-ға жасалған әуе шабуылынан алдын ала мәлімет бере алатын AN-TPY-2 жүйесі орналастырылған. Бұл жүйе 2012 жылы орнатылған, кезінде Кеңес одағының әуе шабуылынан сақтану мақсатында орнатылған радардың орнына AN-TPY-2 жүйесі орналастырылған. Қазір ол Иран бағытын көздеп тұр.
Алғашында Ресей аталған радиолокациялық стансаның бұл араға жайғасуына қарсылық танытты. Кейін оның бағыты Иранға қарағаннан кейін Мәскеу қарсылығын тоқтатты. AN-TPY-2 орналасқан әскери базаны сырттай түрік әскерлері күзеткенімен, радарды бақылау толықтай америкалықтардың қолында.
Әуе базасы және АҚШ-тың Түркиядағы ядролық қаруы
Ал, Інжірліктегі әскери әуе базасының маңызы да өте зор. Бұл стратегиялық маңызды базалардың бірі. НАТО оны шалғыншы ұшақтар үшін пайдаланып келген. Бұл әуе базасы Орта Шығыста әуе операцияларын жүргізу үшін аса қолайлы болумен танымал. Ирак, Сүрия соғыстары кезінде де бұл әуе базасы америкалық әскери күштер үшін белсенді әрі тиімді қызмет көрсете алған. Базаны Түркия мен АҚШ-тан тыс Британияның корольдік әуе күштері ғана пайдалана алады. Сондай-ақ, бұл базада АҚШ-тың ядролық қаруы бар деген бейресми мәліметтерде тарап келеді. Көп жылдан бері бұл туралы бірде-бір ресми сөз айтылмаған еді, тек президент Трамп қана бұл жосынды бұзып, ядролық қарудың бар екенін мойындап қойды. Трамптың ағаттығынан кейін ол арадан ядролық қаруды шығарып кетті мен, әлде әлі де түрік жерінде тұр ма, бұл туралы да анық мәлімет болған жоқ.
Ядролық қару НАТО ішіндегі «Ядролық алмасу» деген қорғаныс жобасы бойынша Түркияға келген. «Ядролық алмасу» жобасы бойынша өзге одақтастарға ядролық қару жеткізу құқығы тек АҚШ-та ғана бар. Осы жоба аясында АҚШ-тың Түркияда, Бельгияда, Германияда және Италия қатарлы елдерде ядролық қарулары бар. Бірақ, бұл елдер ядролық қаруды дербес пайдалана алмайды, себебі ядролық қарудың қозғалтқыш коды АҚШ-қа ғана аян. Әр елдегі бұл ядролық қарулар құпия күйде және қауіпсіз орынға жайғастырылған. Америкалық қарулы күштердің күзетінде болады және оны алып кете алады.
Күрд мәселесі және Америка-Түрік қатынасы
Сүрия соғысы басталып, Күрд күштері өңірдегі геосаяси ойындарға араласа бастағанда АҚШ пен Түркия арасындағы қатынасы салқындай бастады. Сүриядағы күрд күштерін Анкара террорлық топ қатарында таниды және Түркияның тұтастығына қауіп төндіретін күштердің бірі деп қарайды. Ал, АҚШ болса, күрдтерді террорлық топтарға қарсы күрестегі одақтас етті.
2011 жылдан бері АҚШ пен Түркия арасында салқындық салған мәселелер жетерлік, тізе кетер болсақ: «Сүрия соғысы, Сүриядағы қарулы топтар, Күрд күштері (PKK мен YPG қарулы топтары), Фетхоллах Гүленді қайтарып беру мәселесі, S-400 жүйесі мен F-35 ұшақтарының дауы. Міне осының бәрі Анқара (Анкара) – Уашингтон арасын қожыратып, соңында геноцид дауына дейін әкеліп тіреді. Бұл қайшылықта үлкен геосаяси мүдделердің бар екені де белгілі.