Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысынан әлем экономикасы миллиардтаған шығынға батты. Қазір екі ел арасында сауда келіссөздері бітімге қарай бет алғаны туралы айтылуда. АҚШ президенті Дональд Трамп Қытаймен бұл қадамды жеңіс қатарында бағалады, оның айтуынша қарсыласы «тізе бүгіп», «берілген». Қытай тарабы ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.
Келісімге келеміз десті, бірақ, келісімге қол қойған жоқ
Дегенмен, мына бір нәрсені анық айту керек, тараптар «сауда келісіміне келеміз десті» бірақ, сауда келісім шарттарына қол қойған жоқ. 2020 жылдың қаңтар айында келісімге қол қойылады деп күтілуде. Бірақ, Трамп пен Ши Жинпиң арасында қол қоюға жақындағанда сауда келісімінің бұзылып кеткен жағдайы бұған дейін де бірнеше рет болғанын да айта кету керек.
Келісім мазмұны туралы анық мәлімет жоқ. АҚШ-тың келіссөзге қатысқан өкілдері тарабынан айтылған мәліметтерге сенсек, Қытай АҚШ тауарлары мен қызмет өтеуін сатып алуды алдағы екі жылда толассыз көбейтпек, оның қарымжысы ретінде АҚШ Қытай тауарларына белгіленген кедендік салықты төмендетеді.
Қытай «тізе бүкті ме»?
Ал, сауда соғысына себеп болған басты мәселелер шешім таба қойған жоқ. Айталық, америкалық технологияларды ұрлау, Қытайдың өз компанияларына басымдық беруі, Бейжіңнің әділетсіз сауда саясаты қатарлылар. Қытай зияткерлік меншік құқығын қорғау, валюта курсын манипуляциялауды тоқтату, қаржылық қызмет көрсеткен базарды либералдастыру секілді бірқатар міндеттерді өз мойнына жүктеген.
АҚШ-тың қарымжысы
Трамп өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Қытаймен келісімнің ең маңызды болған алғашқы басқышын мақұлдастық. Біз 2020 жылғы сайдауды күтпестен аз уақыт ішінде келісімнің екінші басқышын сөйлесетін боламыз. Бұл келісім бәріміз үшін де ең қолайлы болады, көп рахмет!», – деп жазды.
Бейжіңнің бір қадам шегінісіне қарымжы ретінде президент Трамп 15 желтоқсаннан бастап жылына 160 млрд доллар көлеміндегі Қытай тауарларына қосымша салық салу туралы шешімінен бас тартатынын білдірді. Сондай-ақ, 120 млрд доллар құнына ие қытайлық импортқа 15 пайыздық салықты екі есеге дейін қысқарту туралы уәдесін берді. Алайда, 250 млрд доллар көлеміндегі Қытай тауарларына 25 пайыз көлеміндегі кеден салығы сол күйінде тұр. Бұған қарап Трамптың кейбір «кеңшілік» әрекеттері Қытайды екінші келіссөзге шабыттандыру деп бағалауға болады.
«Трамп әлемге қанша шығын алып келді?»
Анығында Ақ үйдің тағына Дональд Трамп келгелі бері, АҚШ өзінің бірқатар сауда серіктерімен тіресті. АҚШ-тың одақтасы ретінде саналатын Еуропа Одағынан тартып, Қытай, Канада және Латын Америкасымен сауда келісімдерін қайта орнатты. Халықаралық еркін сауданы қамтамасыз етуге құрылған бірқатар халықаралық ұйымдардан шығып кетті. Дүниежүзілік валюта қорының көрсеткен есебіне қарағанда Трамп жасаған сауда тірестерінен әлем экономикасы 700 млрд АҚШ доллары көлемінде шығынға батқан.
АҚШ пен Қытай былтырдан бастап 600 млрд АҚШ доллары көлеміндегі сауда таласына түскені белгілі. Кейбір америкалық шенеуніктер Трамптың сауда соғысы тактикасын сынға алып жатыр. Айталық, сауда соғысы кезінде АҚШ 300 мың жұмыс орнынан айрылғанын, ал келіссөзде Қытай бұл үшін ешқандай бодау төлемейтінін алға тартуда. Алайда, кейбір лауазымдылар Трамптың сауда соғысы арқылы Қытайды әділетті сауда саясатын жүргізуге, америкалық технологияларды ұрлауды тоқтатуға, зияткерлік меншік құқығын қорғауға итермелегенін қос қолын көтере қолдап отыр.
Қытай қандай қатерге тап болды?
Анығында сауда соғысынан ең көп зардап шеккен ел – Қытай. Себебі, Қытайда жабылған жұмыс орындардың саны АҚШ-тан әлде қайда көп. Оның үстіне Қытайдың шайқалған экономикасы қоғамдық-саяси қожыраудың да алғашқы белгілерін көрсете бастады. Ең маңыздысы Қытайдың қазіргі басшысы Ши Жинпиң алға тартқан соңғы кезеңдегі ең ауқымды қытайлық бағдарлама «Made in China –2025» стратегиясы жүзеге аспай қалуы мүмкін. Қытай басшысы үшін сауда соғысында жеңілуі ел іші мен сыртындағы абыройының айрандай төгілгенімен бірдей.
Бұдан тыс Гонконг мәселесіне, Оңтүстік қытай теңізі мәселесіне, Орта Шығыс пен Иран мәселесіне байланысты Қытайдың экономикалық «күре тамырлары буылып», ресурс жолдарының жабылу қатеріне тап болды. Бұл «әлемнің өндіріс базасы» аталған Қытай үшін үлкен қатер саналады. Қытайдың экономикалық дамуы соңғы 30 жылдағы ең төменгі шекке дейін түскені де көп нәрсені түсіндіріп береді.