Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында халықты қуантқан берекетті іс-шара өтті.

Тарбағатай ауданының әкімі Ақжар ауылдық «Байжігіт баба» мешітіне «Нива» көлігін сыйлады.

Аудан басшысы өз сөзінде: Ауданда кері ағымдарға қарсы күресті күшейту, исламның құндылықтарын насихаттау ісінің аса маңызды екендігін айта келе, осындай шараларға арнап халық игілігіне қызмет етсін деп көлік беріп отырғандығын айтты. Сонымен қатар имамдардың қызметіне сәттілік тіледі.

«Ұлыстың ұлы күні қарсаңында халқымыз үшін аса бір қуанышты жағдай болды. Бұл бізге деген мемлекетіміздің қамқорлығы. Елбасымыздың жарқын саясатының арқасы. Исламның асыл құндылықтарын насихаттауда тынымсыз еңбек етіп, халықтың сенімін ақтаймыз. Дін үшін, мешіт үшін көмек жасаған жандарға ізгі сауап бар екендігі белгілі» деп атап өтті, Ақжар ауылдық «Байжігіт» баба» мешітінің бас имамы Аманкелді Жарасов. Ол сонымен қатар аудан басшылығына шынайы алғысын білдірді.

Мешіттің босағасына байланған темір тұлпарға әжелер шашу шашып, мәре-сәре болды. Ақсақалды қария бата беріп, елімізге тыныштық тіледі.

“The Qazaq Times”